Нұр-Сұлтанға жолға шыққан әйел пойызда босанып қалды

10.10.2021 21:17

Жүкті әйелді аман-есен босандыру үшін вагонда қажетті жағдай жасалды және біраз уақыттан кейін дүниеге қыз бала келді

Фото: ашық дереккөзден

Жолаушы әйел "Арқалық-Нұр-Сұлтан" бағытындағы пойызда босанып қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

8 қазанда жолаушылар пойызы Арқалық станциясынан жөнелтілгеннен кейін ер адам пойыз бригадасының қызметкерлеріне келіншегінің толғағы келіп қалғанын хабарлаған.

Төрехан Әбдірайымов бастаған пойыз бригадасы шұғыл әрекет етіп, келесі станцияға жедел жәрдем шақырды.

Дәрігерлер келгенге дейін теміржолшылар әйелді босануға дайындай бастады. Жолсеріктер Ирина Андреева мен Жаңыл Баталова жолаушылар арасынан табылған дәрігерлер Светлана Аяпова (зейнеттегі акушер-гинеколог) және Гаухар Қойшығұлованың (емдеу ұйымының басшысы) нұсқауымен әрекет жасады.

Жүкті әйелді аман-есен босандыру үшін вагонда қажетті жағдай жасалды және біраз уақыттан кейін дүниеге қыз бала келді.

Пойыз Державинск бекетіне жеткеннен кейін жас ана Нұрайлым Құрманәлі мен оның нәрестесін жолсеріктер жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды.