СҚО тұғындары ауылға автобус қатынамайтынына наразы

16.05.2023 21:17

Жауаптылар Подгорныйдан Петропавлға дейін қатынайтын бағыттың тиімсіз екенін айтады

Almaty.tv

СҚО-дағы Қызылжар ауданында орналасқан ауылға автобус қатынамайды. Қалаға тиіп тұрған Подгорный елдімекенінің тұрғындары орталыққа жетудің өзі бірталай қиындық тудыратынын айтып, наразылық білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Облыс орталығынан Подгорныйға дейінгі арақашықтық 23 шақырымды құрайды. «Ауылға баратын жол ұзақ емес, бірақ қоғамдық көлік мүлде қатынамайды» деп көпшілік наразылық білдірді. Тұрғындар азаматтардың басым бөлігі Петропавлда жұмыс істейтіндіктен, күнделікті жолкүренің өзіне бірталай ақша кететінін айтты.

– Келінім жұмысқа барарда такси жалдайды. Балаларға, студенттерге, зейнеткерлерге емханаға бару қиын. Сайлау алдында бір ай жүрдік, екі айдан кейін автобус тоқтап қалды, – деді Подгорный ауылының тұрғыны Майра Ырғызбаева.

Елена Капуцкая – 6 баланың анасы. Оның үлкен қызы Петропавл қаласында орналасқан колледжде білім алады. «Күнделікті қалаға барып-қайтудың өзіне 4 мың теңге қажет» дейді. Көпбалалы жанұяда тек отағасы жұмыс істейді.

– Менің күйеуім жалғыз жұмыс істейді. Ауылда зейнеткерлер тұрады, кішкентай баласы бар отбасы қаншама, олар ауруханаға барады. Қалаға жету үшін такси бағасы қымбат. Біз не істеуіміз керек? Қалаға қалай қатынаймыз? – деді Подгорный ауылының тұрғыны Елена Капуцкая.

Ал жауаптылар Подгорныйдан Петропавлға дейін қатынайтын бағыттың тиімсіз екенін айтады. Қызылжар ауданы әкімінің орынбасарының айтуынша, жолаушылар аз. Алайда жағдайды бақылап, туындаған мәселені шешетінін жеткізді.

– Жолаушылар саны, түсетін төлемді байқаймыз. Біздің бөлім қызметкерлері қоғамдық көлікте тексеріп, бірге жүреді. Екіншіден, субсидиялау мәселесі бар.  Осы мәселелер шешілгенде тасымалдаушыларда қызығушылық пайда болады, – деді Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Қуандық Шакубаев.

Аудан әкімінің орынбасары мердігер іздеуде қиындық туындайтынын жасырмады. Себебі тасымалдаушылар Петропавл-Подгорный бағыты арқылы жұмыс істегісі келмейтін көрінеді.  Айта кетейік, Қызылжар ауданы Подгорный ауылында 613 адам тұрады.

Нұргүл Алина, Азамат Елубаев, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан