Ғалымжан Елеуов пен Қазыбек Әлішев Ақтөбе облысында сүт өңдеу зауытының ұжымымен кездесті
«Тұрғын үй бағасы қолжетімді болуы керек». Бұл – Алматы облысына жұмыс сапарымен келген Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Максим Рожиннің пікірі. Ол Алматының G4 City 4 спутник қаласын дамыту жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кездесу барысында мәжілісмен коммуналдық инфрақұрылымға ерекше назар аудару керегін айтты.
– Халықты сапалы ауыз су мен электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету мәселелері партиялықтардың ерекше бақылауында болуы тиіс. Жылумен жабдықтау нысандарының дайындығын да қадағалау қажет, – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Максим Рожин.
Ал Мәжіліс депутаттары Ғалымжан Елеуов пен Қазыбек Әлішев Ақтөбе облысына ат басын бұрып, сүт өңдеу зауытының ұжымымен кездесті. Халық қалаулылары кәсіпорын қызметкерлерін толғандырған мәселелермен танысты. Зауыт жұмысшылары ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу нарығын кеңейтуді және ішкі нарықты қорғау жөнінде шаралар қабылдауды сұрады. Қазыбек Әлішев аталған саланы дамыту бойынша Үкіметке депутаттық сауал жолдағандарын айтты. Ал Ғалымжан Елеуов кездесуде айтылған жайт бақылауға алынатынын жеткізді.
– Қазіргі таңда мекеменің ең маңызды мәселелерінің бірі олардың шетелден, Ресейден, Беларусьтен келіп жатқан сүт өнімдерінің бағасы төмен болуы және олардың техрегламентке сәйкес келмеуі. Осы тараптан мәжілістің аграрлық комитетінің осы кеңейтілген отырысында қаралып, нақты Үкіметке ұсыныс беріледі, – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Қазыбек Әлішев.