Қарағанды облысының әкімі қаза тапқандардың отбасына барды

29.10.2023 21:19

Қолдау көрсетіліп, жерлеу рәсімдері ұйымдастырылады

facebook.com/Ермаганбет Булекпаев

Қарағанды облысының әкімі қаза тапқан кеншілердің отбасына барды, - деп хабарлайды Аlmaty.tv тілішіс Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

 - Бұл күнді қайтыс болған кеншілердің туыстары мен жақындарына барудан бастадым. Оларға көңіл айтып, қолдау білдірдім. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша облыс әкімдігі отбасыларға материалдық қолдау мен жерлеу рәсімдерін ұйымдастыру және өзге де қажетті көмек көрсету шараларын іске асыру үшін жедел тәртіпте жұмыс істеп жатыр, - деп жазды ол Facebook-те.

Әкім әр отбасы көтерген мәселе жекелей шешілетінін жазды.

 - Бұл мәселе менің жеке бақылауымда. Мен сіздерді қабылданған шаралар туралы хабардар етіп отырамын, - деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Еске салайық, Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада жарылыс болды. Қаза тапқандар саны 42 адамға жетті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысындағы кеншілердің қазасына байланысты көңіл айтып, "АрселорМиттал Теміртау" компаниясымен ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.

Кейін үкімет "АрселорМиттал Теміртауды" Қазақстанның пайдасына беру бойынша мәміленің аяқталғанын хабарлады.

Оқи отырыңыз: Шахтада қаза тапқандар саны 42 адамға жетті