Бала өміріне қауіп төнген жоқ
Алматы облысында балабақшаның терезесінен 4 жастағы бала шатырға шығып кетіп, аман қалды.
Оқиға Қапшағай қаласындағы «Ақдидар» балабақшасында болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Балабақша шатырына 4 жастағы баланың шығып кеткені түсірілген бейнежазба бірден әлеуметтік желіге тарап, халықтың наразылығын тудырды. Шатырдың үстінде жүрген бүлдіршінді дереу тәрбиеші байқап, баланың артынан өзі де шатырға шығып, көмекке ұмтылған. Балабақша меңгерушісінің сөзінше, бала жатын бөлменің терезесін ашып, сыртқа шығып кеткен. Оқиға қыркүйектің екісі күні таңғы сағат 8:15-тер шамасында болған.
«Бала өміріне қауіп төнген жоқ. Осы оқиғадан кейін баланың анасын шақырып, болған оқиға жайлы айттық. Ол кісі баласының мазасыз екенін, ерке екенін жеткізді. Үйде де осыған ұқсас оқиғалардың болғанын айтып берді. Топ тәрбиешісіне тәртіптік жаза қолданып, қатаң сөгіс берілді. Ал балабақша екі қабаттан тұрады. Екінші қабатта 8 топ орналасқан. Сол топтардың терезесіне темір тор қоюға төтенше жағдайлар рұқсат бермейді», - деді «Ақдидар» балабақшасының меңгерушісі Гүлзада АҚЫНБЕКОВА.
«Ақдидар» — мемлекеттік балабақша. Бұл жерде 370 бала тәрбиеленіп жатыр. Ал тәрбиешілер саны 35.