Бұл туралы шекара басшыларының кездесуінде айтылды
«Достық шекарасы - 2022» операциясы аясында заңсыз айналымнан 600 келі есірткі заты тәркіленіп, 70-ке жуық қаруды елге кіргізуге тыйым салынды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл туралы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің шекара қызметі басшыларының кездесуінде айтылды.
Иран - Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына ресми түрде қабылданды. Осылайша қауымдастыққа мүше елдердің қатарына 9-мемлекет қосылды. Көп ұзамай Беларусь Республикасы да ұйымның жаңа стратегиялық серіктесі атанады. Бүгін қауымдастыққа кіретін мемлекеттердің өкілдері бірлескен шекаралық операциялардың қорытындысын шығарып, алдағы жоспарды талқылау үшін Алматыға арнайы келді.
«Шекарада құқық бұзған 200-ден астам адам ұсталды. 2 мың азамат көші-қон заңнамасын сақтамағаны үшін айыпталып, заңсыз айналымнан 68 қару мен 52 мың оқ-дәрі тәркіленді. Операция барысында контрабанданың 133 фактісі тіркеліп, 600 келіге жуық әртүрлі есірткі заттары әшкере болды. Мұндай нәтижеден кейін 2024 жылға арналған жоспарды талқылау қажет», – деді ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары Ерлан Алдажұманов.
Іс-шараға Қазақстан, Үндістан, Қытай, Иран, Пәкістан, Ресей мен Тәжікстан, Өзбекстан елдерінің шекара қызметкерлері қатысып, Беларусь пен Моңғолиядан келген өкілдер бақылаушы болды. Жиында бас қосқандар «Шанхай ынтымақтастық ұйымының негізгі мақсаты - терроризм, қару-жарақ пен есірткі контрабандасы, заңсыз көші-қонға қарсы бірлесе жұмыс істеу» деді.
«Қазақстан ұйымдастыруда, халықаралық үдерістерде және экономикалық ынтымақтастықта, қауіпсіздік мәселелерінде әрқашан өзгелерден ерекшеленіп тұрады. Енді бүгінгі жиында айтылған мәселелерді бірлесе шешіп, елдің тыныштығын қамтамасыз ету біздің ұйымның құзырындағы іс деп ойлаймын», – деді ШЫҰ аймақтық терроризмге қарсы құрылымы атқару комитетінің директоры Руслан Мирзаев.
Айта кетейік, Қазақстан шілде айынан бастап аталған халықаралық ұйымға төрағалық етуді бастады. Сондықтан кеше ел Президенті Қасым – Жомарт Тоқаев қауымдастық қызметінің негізгі бағыттарын атап өтті. «Ендігі басты міндетіміз - Шығыс пен Батыс арасындағы геосаяси алауыздықты болдырмау» деген еді.
«Қазақстан өз төрағалығы аясында «Әділ бейбітшілік пен келісім үшін әлемдік бірлік туралы» бастамасын ұсынбақ. Бұл кешенді құжатта сенім шараларын құру, тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау қағидаттары белгіленеді. Бастаманы бірлесіп ілгерілету ортақ мүдделерімізге сай келетініне сенімдімін», – деді Қазақстан Республикасының президенті.
Халықаралық ұйымға мүше елдер келесі жылды Экология жылы деп жариялау туралы шешім қабылдады. Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықтың маңызы жөнінде сөз қозғады.
Гүлмарал Изатқызы, Адель Ақжаркенова, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы