Қызметінен кеткен Тараздың әкімі тұрғындардан кешірім сұрады. Бұл туралы ол өзінің facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty.tv.
«1,5 жылға жуық уақыт аралығында атқарған жұмысымыз тараздықтардың көз алдында. Оның бағасын халықтың өзі бере жатар. Ең бастысы — әрбір жоспарымызда, басымдық берген бағытымызда тұрғындардың сұранысы мен қоғамның пікірі ескеріліп отырды. Іске асыруға үлгермей қалған жобалар мен ақталмай қалған үміттер болса кешірім сұраймын», – деді қаланың экс-әкімі Ержан Жұматұлы.
Ержан Жұматұлы өткен жылдың наурыз айында Тараз қаласының әкімі болып тағайындалған.
«Отанымыз — кең байтақ Қазақ елінің өркендеуіне үлес қоссам деген тілек әр азаматтың жүрегіндегі ізгі ниет деп есептеймін. Сенім артылған соң, еліміздің кез-келген өңірінде мемлекеттік саясатты іске асыру — әрбір мемлекеттік қызметшінің міндеті. Алайда, сол міндеттің басталатыны сияқты, аяқталатын да кезеңі болады. 1,5 жылға жуық уақыт аралығында атқарған жұмыстарымыз тараздықтардың көз алдында болды. Игі істер мен әрбір жобаның сәтті іске асуында —жамбылдықтардың қолдауы мен әріптестерімнің еңбегі зор. Іске асыруға үлгермей қалған жобалар мен ақталмай қалған үміттер болса кешірім сұраймын. Баршаңызға алғыс білдіремін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, жақсы күндерде көрісейік, ағайын!» – деп жазған Ержан Жұматұлы.