Мәні жоғалған, тікелей аударылған, әрпі адасқан ақпараттық хат көп бізде
«Бланкiлер, маңдайшалар, хабарландырулар мен жарнамалар және басқа да көрнекi ақпарат ең әуелі мемлекеттiк тiлде жазылады». Тіл туралы Заңның 21-бабы қазақ тілінің мәртебесін тайға таңба басқандай анық көрсетті. Десе де қоғамдық орындар мен қала көшелеріндегі заң бұзушылық тыйылмай тұр. Арнамыз арнайы шығаратын «Тіл қорғаны» бағдарламасы бұл жолы «Мерей» сауда орталығында мониторингтік жұмыс жүргізген еді. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Мадина Оқас жалғастырсын.
Мәні жоғалған, тікелей аударылған, әрпі адасқан ақпараттық хат көп бізде. Мемлекеттік тілдің мәртебесін қорғау әрбір ел азаматының борышы дегенді жиі айтамыз. Десе де заң білмегеннен бе, салғырт қарағаннан ба, біздегі жай ғана жарнама тақтасының өзі қатеге толы.
Аталған сауда орнының сыртындағы дүңгіршектерде де Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заң талабының сақталмағанын көріп тұрмыз. Айта кетейік, бұл орталық халық тығыз қоныстанған ауданда орналасқан. Чехлы, зарядные устройства, наушники. Жалпы алғандағы жағдай осы.
Тіл мамандары мен жанашырларынан құрылған мониторингтік топпен бүгінге дейін де қала, облыс көлеміндегі ірі нысандарды аралаған едік. Бүгінгі сауда орталығындағы жағдай көз қуантпады, көңілге қаяу салды. Расын айтсақ, мұнда қате жарнама да, қазақшасы жоқ мәтін де, мемлекеттік тілде қызмет көрсете алмайтын маман да баршылық.
«Бұл тіл – менің ата-бабамның тілі, бұл тіл менің әкем мен шешемнің тілі. Бұл тіл – менің тілім және де ертеңгі болашағымыздың тілі. Біз былай қарайтын болсақ, бұл тілге, 30 жылда 10 пайызбен, онда келер жылда қалай болғанымыз? Өшкеніміз ғой», – деді тіл жанашыры Әсет Оңалбаев.
«Тіл туралы» Заң талабы қоғамдық орындарда, мемлекеттік мекемелерде қаншалықты сақталған? Мемлекеттік тілдің мәртебесін қорғауда сіз бен біз қандай шара қолданып жатырмыз? Бар сұрақтың жауабын бүгін кешке 18:40та «Тіл қорғаны» бағдарламасында білесіздер.
Мадина Оқас, Мейрам Исабеков, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы