Қ. Тоқаев Үкіметке республикалық штабпен бірлесіп, аталған ұсыныстарды Мерекелік жоспарға және Идеологиялық картаға енгізуді тапсырды
Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
Президент Қазақстан Тәуелсіздік жылдарында Елбасының көшбасшылығымен барлық қиындықтан өткенін, қуатты мемлекеттің іргесін қалағанын, енді егемендіктің төртінші онжылдығына қадам басқанын, бұл еліміз үшін аса маңызды кезең екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы ел тарихындағы елеулі мереке кезінде құр даңғаза мен ысырапшылдыққа жол беруге болмайтынын, әрбір шараны елге пайдасы тиетін нақты істерге ұластыру қажет екенін баса айтты. Экономика, әлеуметтік сала, білім, ғылым және басқа да бағыттар бойынша тың жобалар қолға алынатынына тоқталды.
«Тұтас мемлекетті қамтитын ауқымды іс-шараларды өткізген кезде айқын көзқарас, нақты ұстаным болуы шарт. Себебі өңірлердің бәрі орталыққа бейімделіп жұмыс істейді. Сіздерден бағдар алады. Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тек мерейтой деп санауға болмайды. Ең алдымен, бұл тарихи оқиғаға идеологиялық тұрғыдан қарауымыз керек», – деді Президент.
Мемлекет басшысы қазір заман басқа, адамдардың санасы айтарлықтай өзгергенін, оған қоса, бүгінде барша әлем жұртшылығы күрделі кезеңді бастан өткеріп жатқанын айтты. Қаржыны оңды-солды жұмсап, ұлан-асыр той жасайтын уақыт емес екенін, тиімсіз форумдар мен конференциялар өткізудің қажеті жоқтығын қадап тұрып жеткізген Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әлеуметтік жағдайына баса мән беру керегін, елдің тұрмысы түзелмесе, жетістіктерді мақтан етудің қажеті жоғын атап өтті. Сонымен қатар мемлекеттік аппарат осы сенім мен үмітті ақтауға тиіс деді.
«Үкімет менің тапсырмам бойынша Әлеуметтік кодекстің жобасын дайындап жатыр. Кодекс азаматтардың, әсіресе, көмекке мұқтаж адамдардың сұранысына толық сай келуі керек. Бұл біздің әділетті мемлекет пен ашық қоғам құру туралы идеямызбен үндеседі. Министрлер мен әкімдер «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын берік ұстануға тиіс. Азаматтардың арыз-тілектеріне жедел жауап беру қажет. Ең бастысы, Тәуелсіздіктің игіліктерін әрбір отандасымыз күнделікті тіршілігінде сезіне алатын болса – мақсатымыздың орындалғаны», – деді Мемлекет басшысы.
Президент Тәуелсіздіктің 30 жылдығын осыған дейін қолға алған реформалар аясында ұйымдастырған абзал екеніне тоқталды. Бұл ретте саяси реформаның үшінші кезеңін жүзеге асыру жалғасады. Соның аясында қоғамды демократияландыруға бағытталған бірқатар заң қабылданады. Алдағы он жылда елдің жаңа келбеті және ұлттың жаңа болмысы қалыптасуы керек. Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық, саяси және әлеуметтік жаңғыруды табысты жүзеге асыра алсақ елге жасаған ең үлкен сыйымыз осы болатынын баса айтты.
«Бүгінде біз іске асырып жатқан елімізді жүйелі түрде жаңғырту жұмысы адамдардың қоғамдағы, экономикадағы, мәдениеттегі мүмкіндіктерін ашуға бағытталған. Мемлекеттік жоспарлау мен басқару салаларындағы соңғы өзгерістер де осы мақсатты көздейді. Біз өңірлік деңгейдегі теңсіздіктер мен кедергілерді біртіндеп жоямыз. Өйткені бізге қуатты Тәуелсіз Қазақстанды құру үшін аймақтардың бәсекеге қабілетті болып, әр ауыл мен қаланың тұрақты дамығаны керек», – деді Мемлекет басшысы.
Президент 2025 жылға дейін бес триллион теңгеге бағаланатын мемлекеттік активтерді жекешелендіру арқылы кәсіпкерлік саласының әлеуетін айтарлықтай арттыра алатынымызды атап өтті. «Халықтық IPO» бағдарламасын жаңғырта отырып әрбір қазақстандықтың ұлттық байлығымыздың бір бөлігіне ие болуына және отандық экономиканың көшбасшыларын дамытуға өз үлесін қосуына мүмкіндік жасаймыз. Мемлекет басшысы адам капиталының сапасын арттыру біз жүргізіп отырған саясаттың негізгі бөлігі екенін жеткізді.
Айтулы мереке кезінде атқарылатын шаралардың дені жастарға арналуы – Президент қойған басты талаптың бірі. Себебі елде не жасалса да, бәрін болашақ ұрпақ үшін жасалуы тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев ізімізді басып келе жатқан буынның азаматтық белсенділігі өте жоғары, жастардың құлшынысы зор екенін айта келе, осы белсенділікті бәсеңдетпей, оларды жаңа мақсаттарға жұмылдыру қажеттігіне тоқталды.
«Жастарға қатысты келесі мәселе – жұмыспен қамту. Бұл, әсіресе, өңірлерде аса өзекті. Біз жұмыссыз жастарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беруіміз керек. Олардың тұрақты кәсіп табуына көмектесуіміз қажет. Қазір жұмыспен қамтуға бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Бірақ жастардың көбі сол шаралар туралы білмейді. Мемлекет ұсынып отырған түрлі қолдау жұмыстарынан хабарсыз. Бұл мәселе тек жалаң үгіт-насихатпен шешілмейді. Үкімет пен әкімдер жастарды жұмыспен қамту мәселесімен арнайы айналысып, күнделікті назарда ұстауы қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Қазір жастар саясатына қатысты заңдарға қажетті түзетулер енгізілуде. Енді жергілікті мемлекеттік органдарды бағалау көрсеткішіне «Жастардың даму индексі» қосылады. Бұл осы бағыттағы шаралардың тиімділігін арттырады. Президент жастар саясатына арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты біртұтас ұлттық жоба әзірлеген жөн екенін атап өтті. Жүргізіліп жатқан жұмыстарды жүйелеу үшін әр бағыт бойынша бытыраңқы жүзеге асырылып жатқан жобаларды бір арнаға тоғыстыруды тапсырды. Ал оны дайындауға, одан соң талқылауға бүкіл жастар және студенттер ұйымдарын, азаматтық белсенділер мен тәуелсіз сарапшыларды тарту керек.
«Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент талантты жастарымыздың креативті экономика құрудағы рөлінің маңыздылығына назар аударды. Өйткені креативті индустрия әлемдік экономикада ең жылдам дамып жатқан сегмент. Дамыған мемлекеттерде аталған сала ішкі жалпы өнімнің 10 пайызын құрайды. Осы ретте Мемлекет басшысы Үкіметке стратегиялық тұрғыдан маңызды саланы кешенді түрде дамыту жоспарын ойластыруды тапсырды. Президенттің пікірінше, оның негізін қалаушы бөліктің бірі ғылым, мәдениет және заманауи шығармашылық салалары бойынша Ұлттық білім хабы болуы қажет. «Таланттар фабрикасы» іспетті бұл орталық еліміздің барлық өңірлеріндегі дарынды жастардың кәсіби мамандардан білім алып, олардың шеберлік сағаттарына қатысуға жол ашады.
«Біз ел дамуына жас таланттарымыздың белсене араласуына баса назар аударуымыз керек. Олардың әрқайсысы Отанымыз жеткен жетістіктерге қатысы бар екенін сезініп, табыстарын мақтан тұтуы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол үшін біздің қоғамда да меценаттық пен қайырымдылықтың дәстүрін біртіндеп дамыту қажет.
Мемлекет басшысы бүкіл әлемде ұжымдық ынтымақтастықтың бір түрі ретінде краудфандинг бағытының танылып келе жатқанын тілге тиек етті. Оны азаматтардың қоғамдағы өзекті проблемаларды шешуге қатыстырудың негізгі бағытының бірі ретінде бағалады. Сонымен қатар Astana Hub технопаркінің базасында бірыңғай краудфандинг тұғырнамасын жасаудың мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Мемлекет басшысы қолға алынатын шаралардың барлығы өзара көмек мәдениетін қалыптастырып, елімізді дамытуға жастардың тікелей атсалысуына бағытталатынын айтты. Сонымен қатар тәуелсіздік ұрпақтары Қазақстанды әлемдегі бәсекеге қабілетті елдердің біріне айналдыратынына сенетінін жеткізді.
Президент 30 жылдыққа байланысты шаралар халыққа рухани серпіліс әкелуі қажеттігіне тоқталды. Бұл ретте руханият саласындағы жұмыс бірнеше бағыттан тұрады. Ұлт тарихында өшпес із қалдырған көрнекті тұлғалардың еңбегін насихаттау аса маңызды жұмыстың бірі.
«Биылғы мерейлі жылға бірнеше атаулы дата тұспа-тұс келіп отыр. Жыр алыбы Жамбылдың – 175, Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың – 155, күш атасы Қажымұқанның – 150 жылдығы, тағы басқа бірнеше тарихи тұлғаның мерейтойы. Біз былтыр Абай мен Әл-Фарабидың мерейтойларын өте мағыналы өткіздік. Олардың тұлғалық келбеті мен өмір жолы, еңбектері халыққа үлкен ой салды. Бұл тәжірибені алдағы уақытта да ұстанған жөн», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ биыл Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толып отыр. Мемлекет басшысы ядролық сынаққа тыйым салу арқылы өз тағдырымызға өзіміз жауап бере алатынымызды көрсетіп, еліміздің әлемдік антиядролық қозғалыстың көшбасшысына айналғанын айтты.
Сондай-ақ мемлекеттік нышандарға құрмет отаншылдықтың көрінісі екенін, осы орайда, ел рәміздерін қолдану ережесін қайта қарауды тапсырғанын, қасиетті көк байрақты үй сыртына және басқа да көрнекті жерлерге ілуге тыйым салуға болмайтынын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілін меңгеру біртұтас ұлт болу жолындағы айрықша маңызды қадам деп бағалады. Сондықтан тіл үйренуге талпынған отандастарымызды бәріміз қолдауға шақырды.
«Мемлекеттік тілді білетін әрбір азамат қазақша үйренгісі келген досымен, әріптесімен немесе танысымен өз білімін бөліссін. Мұндай игі іс бір-бірімізге қамқорлықты арттырып, бірлігімізді нығайта түсері сөзсіз», – деді Мемлекет басшысы.
Президент ана тілімізді дамыту жайындағы ойын латын графикасындағы қазақ әліпбиімен түйіндеп, латын қарпіне көшіп жатқанымыз Тәуелсіздіктің жемісі деп бағалады.
Мемлекет басшысы елдегі көрікті жерлердің жыл өткен сайын жұтаңданып бара жатқанына алаңдап, «Таза табиғат» жобасын жүзеге асыруды ұсынды. Экологиялық бастамалар жыл сайынғы тұрақты жұмысқа ұласып, өмір салтына айналуы шарт екенін жеткізді. Осы ретте Ұлыстың ұлы күнін жаңаша атап өту туралы ойымен бөлісті.
«Бабаларымыз Әз Наурыз келгенде бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызған. Осы тамаша дәстүрді жаңа қарқынмен жалғастырайық. Табиғатты тазалап, қоршаған ортаны көгалдандыруды қолға алайық. Мұндай шараларды барлық аймақта ұйымдастыруымыз қажет. Бұл – ата салтымыз әрі ұрпаққа экологиялық тәрбие берудің ең тиімді жолы», – деді Президент.
30 жылдық белестің мәнін халыққа түсіндіру, ақпараттық жұмысты дұрыс жүргізу де маңызды бағыттың бірі. Тәуелсіздік мерекесінің тұжырымдамасы «Жасампаздыққа толы жылдар» деп аталады. Сондықтан жасампаздық идеясы кеңінен дәріптелуі қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев мерекелеу барысында Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы Тұңғыш Президентіміздің тарихи рөлі ерекше аталып, Елбасы саясатының сабақтастығы барлық іс-шаралардың идеологиялық өзегі болуы шарт екенін атап көрсетті.
«Тәуелсіздікті атап өткенде тәлімдік, тәрбиелік мәні бар ақпаратты ұсынып, жұртты тартатын жаңа стильді, жаңа форматты көбірек енгізу қажет. Әр жерде өткізілген іс-шаралар туралы құрғақ есептің қажеті жоқ. Елге өзгеріс әкелмесе, мыңдаған мадаққа толы мақалалардан еш қайыр болмайды», – деді Мемлекет басшысы.
Сөзін қорытындылай келе Президент Үкіметке республикалық штабпен бірлесіп, аталған ұсыныстарды Мерекелік жоспарға және Идеологиялық картаға енгізуді тапсырды. Сонымен бірге, мемлекетті нығайтуға, елімізді дамытуға үлес қосқан азаматтарға лайықты құрмет көрсетілетінін, мереке қарсаңында «Қазақстан Республикасының 30 жылдығы» мерейтойлық медалі шығарылатынын айтты.
«Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз және ол бәрінен қымбат! Біздің міндетіміз – кейінгі ұрпаққа кемел және қуатты Қазақстанды аманаттау», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Комиссия отырысында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева сөз сөйледі.