Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткер Сәдібек Түгел Щучинск қаласының тұрғындарымен кездесіп, сайлауалды бағдарламасымен жіті таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кандидаттың тұғырнамасында ұлы дала мәдениетін жаңғыртып, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға басымдық берілген.
Сәдібек Түгел атадан балаға жалғасып келе жатқан асыл қазынамызды ұрпаққа мирас ету міндетіміз деп санайды. Сондықтан, ұлттың тірегі саналатын ұлттық құндылықтарды мектеп бағдарламасына енгізіп, 1 сыныптан бастап оқытуды ұсынады.
«Әрбір азамат ана тілі мен діні, ділін, оның түп тамыры мен тарихын, мәдениетін, өнерін, салт-дәстүрін және рухани-мәдени мұраларын сондай-ақ ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларды біліп әрі қастерлеп өсуі қажет. Себебі біз жастарымызды қалай тәрбиелесек, болашағымыз да сондай болады. Сондықтан ұлттық салт-дәстүрді 1 сыныптан бастап, ЖОО-на дейін жастардың бойына сіңіру керек», – дейді Қазақстан Президенттігіне үміткер Сәдібек Түгел.
Сонымен қатар, Сәдібек Түгел елордадағы түнгі клубтар мен тәулік бойы жұмыс істейтін сауналарды жабу қажет деген болатын. Түнгі клубтардың тынысымен танысқан үміткер төл бастамасының ұрпақ тәрбиесі үшін оң ықпал ететіндігіне сенімді.