Шарада қала әкімі Мемлекет басшысының жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін алға тартты
Біздің мақсат - қоғам, бизнес және тұтастай алғанда адамдардың өмірі сыбайлас жемқорлықтан ада болуына жағдай жасау. Бүгін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кеңейтілген кеңесте Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев осылай деді. Жиынға мемлекеттік, құқық қорғау және әскери органдардың басшылары, судьялар корпусының өкілдері мен мәслихат депутаттары қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі
Шарада қала әкімі Мемлекет басшысының жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін алға тартты. Алғаш рет заң деңгейінде басшылардың сыбайлас жемқорлықта құқық бұзушылықтары үшін дербес жауапкершілік бекітілді.
«Қазақстанның әрбір оныншы тұрғыны біздің қаламызда тұрады. Қаламызда шағын және орта бизнес үлкен үлесі шоғырланған. Бұл мемлекет пен бизнес арасындағы өзара байланысты арттыратыны сөзсіз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында заңнамалық база бірнеше рет жетілдірілді. Соңғы өзгерістер басшылардың қарамағындағы қызметкерлері жасаған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін дербес жауап беруге, жауапкершілігіне қатысты болды», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Кеңес барысында қала әкімі мемлекеттік органдардың басшыларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Ал «Алматы - адалдық аланы» жобасы ары қарай жандана бермек. Сондай-ақ, жиында сөз алған Алматы қаласы жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Қайрат Сұнтаев қаладағы ахуалды баяндап берді. Және оларға қарсы күрестің қалай жүргізіліп жатқанын сөз етті.
«Біз бұрынғыдай әділдік пен заңдылықты алға қойып, әрбір сыбайлас жемқорлық дерегіне принципті және ымырасыз қарайтын боламыз. Қазір біздің жұмысымыздың 70 пайызы мейірімділікті қалыптастыруға бағытталған. Мейірімділіктің өзі заңдылық, әділеттілікті меңзейді. Әр істе адалдықты ту етіп, елдің игілігіне жұмыс істеуге үгіттейміз», – деді қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаменттің басшысы Қайрат СҰНТАЕВ.