|
20.02.2023 | 19:18
7185

Петропавлда оқушыны қаңғыбас иттер талап тастады

Зардап шеккен жеткіншек көптің көмегімен қашып үлгерген

Петропавлда оқушыны қаңғыбас иттер талап тастады Almaty.tv

Петропавлда қаңғыбас иттер көбейіп, жұрттың зәресін қашырды. Көше кезген төрт аяқтылар кішкентай балаларға шабуылдаған. Онымен қоса, қаладағы ботаникалық бақтағы жануарларға да қауіп төндірген деп алаңдап отыр көпшілік. Ал бұған жауапты ветеринария қызметі мәселені шешуге асығар емес, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қала тұрғындарының бірі әлеуметтік желіге бала түгілі үлкендердің де далаға шығуы қиындап кеткенін жазған. Көше кезген иттер жуырда ғана 12 жастағы Илья Ирлицаға шабуылдап, киімін талап тастаған. Зардап шеккен жеткіншек көптің көмегімен қашып үлгерген. Ол бұл жағдайдың түскі уақытта, сабақтан келе жатқанда болғанын айтады. Енді Ильяның анасы баласын сабаққа жалғыз жіберуге қорқамын деп отыр.  

«Ұлым мектептен келе жатқанда, қаңғыбас иттер соңынан жүгіретінін, олардан қорқатынын айтты. Олар кішкентай емес, үлкен иттер. Біздің өзімізде де ит бар, серуендеуге шығайық десек қорқамыз»,– деді И. Ирлицаның анасы Юлия Ирлица.

Бұралқы иттер қаладағы ботаникалық бақтың маңын да торуылдап жүр. Тордың ішіндегі жануарларға, әсіресе еліктерге зақым келтірген. Ботаникалық бақтың директоры мәселенің шешілмей жатқанын айтып шағымданды.

«Иттер ботаникалық бақтағы қоршауға жақындап, үріп, ондағы жануарларды шошытады. Ал еліктер тордың бар екенін түсінбей, қашуға тырысқан. Біреуі иығын сындырып, ауыр жарақат алды», – деді «Ботаникалық бақ» ҮЕҰ директоры Артур Рязапов.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары иттерде маусымдық құтыру ауруы басталғанын айтады. Олар төрт аяқтылар тістеген жағдайда дереу медицина мамандарына жүгіну керек екенін ескертеді. Егер дер кезінде көмек жасалмаса, зардап шеккен адамның өліп кетуі де әбден мүмкін дейді дәрігерлер.

«Қаңғыбас иттердің шабуылынан кейін облыстың бірнеше ауданында тұрғындар медициналық көмекке жүгініп жатыр. Тістеуден, тырнаудан зардап шеккен 681 адам жәрдем сұрап келді. Оның 70 пайызына иттер шабуылдаған», – деді  Аса қауіпті инекцияларды және туберкулезді эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Юлия Гайсина.

Ал, жауапты ветеринария басқармасы мәселені шешуге асығар емес көрінеді. Өйткені олар алдын алу жұмыстарын енді бастамақшы.

«Қаңғыбас жануарлардың санын реттеу тек зарарсыздандыру арқылы жүзеге асырылады. Олар ұсталады, зарарсыздандырылады және бұрынғы мекеніне қайтарылады. Сондай-ақ мұндай жануарларды құтыруға қарсы вакциналауды көздеп отырмыз. Бұл жұмыстарға биыл жергілікті бюджеттен шамамен 42 млн теңге қаржы бөлінді», – деді Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Наталья Тараканова.

Ветеринария қызметі жұмыстарды ендігі аптада бастаймыз деп сендірді. Жалпы Солтүстік Қазақстан облысында 2023 жылдың басынан бастап қаңғыбас жануарлар 65 адамға зақым келтірген. 34 адамды ит тістеген.

Нұргүл Алина, Жұлдызбек Ермұқанов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир