Қостанай облысындағы алапат өрт елдегі азық-түлік қауіпсіздігіне әсер етпейді - министр

08.09.2022 21:20

Салаға қатысты бірқатар маңызды мәселелер Сенаттың жалпы отырысында қаралды

aqmeshit-aptalygy.kz

Қостанай облысындағы алапат өрт елдегі азық-түлік қауіпсіздігіне әсер етпейді. Егінге айтарлықтай зақым келген жоқ. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Министрдің сөзінше, шаруаларға жем-шөптен де қиындық болмайды. Өңірде мал азығын дайындау бойынша арнайы штаб жұмыс істеп жатыр. Салаға қатысты бірқатар маңызды мәселелер Сенаттың жалпы отырысында қаралды. 

"Қостанай облысындағы өрт кезінде егін алқаптарына аса зақым келмеген. Қазір комиссияның соңғы қорытындысын күтіп отырмыз", - деді Қарашөкеев. Бірақ ешқандай тапшылық туындамайтынын жеткізді. 

Ел бойынша егіннің 60 пайызға жуығы жиналыпты. 

"Қостанай облысында егіс алқаптарында ешқандай әсерін жасаған жоқ. Болса, бір 300-200 гектар болған шығар, қазір негізі зардап шеккен алқаптардың көлемін анықтап жатыр. Ол ұнның да, бидайдың да бағасына ешқандай әсер етпейді", - деп торлықтырды министр.

"Сенат отырысында айтылған тағы бір мәселе – малды қолдан ұрықтандыру. Елімізде бұл іс қазір кенжелеп қалған", - дейді ҚР Парламенті сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаев. 

Айтуынша, жасанды жолмен ұрықтандыру көрсеткіші республикада 15%-дан аспайды екен. Көршілес Өзбекстанның өзінде 60 пайыздан жоғары. Олқылықтың орнын толтыру үшін бірқатар бастаманы іске асыру керектігін айтты. 

"Кезінде мемлекеттің 100 деген миллиард ақшаға шетелден ауру мал әкелмей, осылай селекция жолымен дамытумыз керек еді. Мен Францияда болдым. Генондық селекцияны қалай жүргізіп жатқан, бәрін көрдім. Сол үшін бізге бірінші заманауи молекулярлық әдісті меңгерген білікті маман даярлау керек", - деді сенатор.

Отырыстан соң журналистер сауалына жауап берген Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев алдағы сайлауда Парламентке, Үкіметке жаңа адамдардың келуіне мүмкіндік болатынын айтты. Оның айтауынша, қазір халық жаңашылдықты, биліктегі өзгерісті қалайды. Сондықтан ендігі саяси науқаннан кейін Парламентке түрлі саланың мамандары келетінін атап өтті.

"Соңғы айларда билікке жаңа адамдар келуі керек деген мәселе көтеріліп жатыр. Басқа салаларда қызмет етіп жүргендердің, қоғамдық жұмыстағылар, бизнестегі мамандардың, ғылымдағы азаматтардың келуі туралы ұсыныстар айтылып отыр. Сондықтан алдағы сайлауларды өткізу арқылы Мәжіліске, Сенатқа, мәслихаттарға, Үкіметке жаңа адамдардың келуіне мүмкіндіктер туады. Бұл сайлаулар реформалардың жалғасы және оның нәтижесінде жаңа қоғамдық ұйымдар өкілдерінің, жаңа саяси партиялардың билік тармақтарына келуіне жол ашылады", - деп мәлімдеді Сенат төрағасы.

Әшімбаев алдағы уақытта Президентті жеті жыл мерзімге сайлау қаншалықты қажет екенін түсіндірді. Осы аралықта президентке сайлауалды бағдарламаны толық орындауға мүмкіндік жеткілікті деді. Мәулен Әшімбаевтың сөзінше, бұл норма әлемдік тәжірибе негізінде ұсынылған. 

Кәмшат Мұхамеджан, Ринат Өтеев, Данияр Омар, "Алматы" телеарнасы.