Серке Қожамқұловтың соңында қалған мұрасы – ұлттық өнеріміз үшін тағылымы мол рухани қазына
Алып талант, алып бейнелер жасайды. Биыл сахна серкесі, ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушы, Қазақстанның халық әртісі, Социалистік еңбек ері атанған Серке Қожамқұловтың туғанына 125 жыл толды, деп хабарлайды Almaty.tv.
65 жыл қазақ сахнасында еңбек етіп 200-ден астам кейіпкерлерді сомдаған, 25 фильмдерге түскен тұлға қазақ кинематографиясының дамуына да сүбелі үлес қосқан.
Бүгінгі ұрпаққа қайталанбас болмыс-бітімді талантымен мойындалған Серке Қожамқұлов 1896 жылы Қостанай облысы, Қарабұлақ ауданында дүниеге келген. Ол оқу орнында, әскерде белсенділік танытып, әуесқой қойылымдарға қатысқан. 1923 жылы оқуын бітіріп, Қостанай қаласында сот тергеуші болып жұмысқа орналасады, ол жақта қабілетімен танылып 1925 жылы тұңғыш Қазақ театрына режиссерлік қызмет атқарған.
«Енді ол кезде режиссерлар тапшы болды ғой, дегенмен де ол кісінің өзінің қойған спектакльдері де болды. Кейіннен ол кісі бар ғұмырын осы театрға арнады. Жалғыз театрда емес, кино саласында үлкен рөлдер сомдады. Оны бүкіл қазақ халқы, қазақ жұрты біледі»,– деді М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры директорының орынбасары Жалғас Толғанбай.
Сан қырлы актер Мұхтар Әуезов атындағы ұлттық драма театрдың іргесін қалаушылардың бірі болған. Сахна Серкесінің мерей тойына орай әкемтеатр мен Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театры бірлесе отырып «Қазақ сахнасының ірі тұлғасы» атты көрменің ашылу салтатын өткізді.
«Өзі театрға бар жанын салып жүрген кісі еді. Бізге үлкен үлгі болатын. Ол бізге бәйтерек еді. Біз оның бұтақтары едік. Бала кезден бізді театрға апарып өнерін, спектакльдерді көрсетті. Музыкаға оқытты бізді»,– деді Серке Қожамқұловтың қызы Мариям Қожамқұлова.
Серке Қожамқұловтың соңында қалған мұрасы – ұлттық өнеріміз үшін тағылымы мол рухани қазына. Өнер майталмандары, театр әртістері мен мәдениет саласының өкілдері қатысқан көрменің ресми ашылуы одан әрі Ғабит Мүсіреповтың «Қыз Жібек» музыкалық драмасымен жалғасын тапты.
Назгүл Әмірбек, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы