Amanat партиясы өкілдері Алматыдағы жедел жәрдем станциясында қоғамдық қабылдау өткізді

10.03.2022 21:21

Кездесуге қалалық басқармалардың өкілдері қатысып, орталық қызметкерлерінің түрлі мәселесін шешуге көмектесті

Almaty.tv

«Халықтың сенімі – ең басты стратегиялық бағыт». Бүгін Amanat партиясының Алмалы аудандық филиалы Алматыдағы медициналық жедел жәрдем станциясында қоғамдық қабылдау өткізді. Кездесуге қалалық басқармалардың өкілдері қатысып, орталық қызметкерлерінің түрлі мәселесін шешуге көмектесті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    


Айгүл Якубқызының Алматы қалалық медициналық жедел жәрдем станциясында фельдшер қызметін атқарып жүргеніне 24 жыл болған. 2 баланың анасы отбасында жалғыз асыраушы екен. Бүгінгі қоғамдық қабылдауға қатысқан ол Тұрғын үй саясаты басқармасының өкіліне жүгініп, баспана мәселесіне қатысты сауалдар қойды. Оның айтуынша, «Алматы жастары» бағдарламасына қатысуға ниетті екен. Мазалаған сұрағына жауап алған фельдшер осындай жиындар жиі өтсе игі дейді. 

«Мен мүмкін, біз Үкіметке соншама жылдан бері жұмыс істегеннен кейін, қандай да бір, мысалы, үй алуға дегендей, көмек бола ма деп ойлағанмын. Бұрын кеңестік дәуірде кім қанша жыл жұмыс істегеніне қарай жағдай жасалып, жеңілдіктер болатын. Ал енді біздің жасымыз үлкен болғандықтан, ешқандай бағдарламаға қатыса алмайды екенбіз», - деді медициналық жедел жәрдем станциясының фельдшері Айгүл Чуланова.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «халықпен жұмысты жандандыру» жөніндегі тапсырмасы аясында өткен қоғамдық қабылдаудың басты мақсаты – халық пен билік арасында тығыз байланыс орнату дейді партия мүшелері.    

«Бұл өтініштер алдағы уақытта тек жазбаша түрде қалмайды. Алдағы уақытта соның бәрін тұрақты түрде қарап, әрбір өтініш берушінің мәселесін шешуге барынша тырысамыз», - деді Amanat партиясы Алмалы аудандық филиалының қызметкері Еңлік Бектұрғанова.

«Қазір қоғамдық қабылдаулар жаңа форматқа көшті. Яғни, тұрғындарға біз қызмет көрсетеміз. Айта кету керек, жеке сұрағымен көмекке жүгінген әрбір азамат мәселесінің қалай шешіліп жатқанын онлайн режимде бақылай алады. Себебі халықтың сенімі – Amanat партиясының ең басты стратегиялық бағыттарының бірі», - деді қалалық мәслихат депутаты Әсия Ақанова.

Айта кету керек, қоғамдық қабылдауға әлеуметтік әл-ауқат пен қоғамдық денсаулық басқармасының өкілдері, мәслихат депутаттары мен «Отбасы банк» қызметкерлері қатысты. Олар ақ халаттыларға құқықтық сауаттылық жағынан кеңес беріп, бірқатар мәселесін шешуге көмектесті. Атап айтқанда, зейнетақы, атаулы әлеуметтік көмек алу және жалақы бойынша түйткілдер қаузалды.     

«Қызметкерлеріміздің басқа жерге бармай, өз жұмыс орнында барлық мәселесін шешуіне мүмкіндік туып отыр. Бүгін қоғамдық қабылдау өтетіні туралы хабарландыруларды барлық станцияларға алдын ала іліп, шақырғанбыз. Барлығы сұрақтарына жауап алып жатыр. Ал басқалары жазбаша өтініш қалдыруда», - деді Медициналық жедел жәрдем станциясының директоры Ербол Сәрсенбаев.

Бүгінде Алматы қаласы бойынша барлығы 11 жедел жәрдем қосалқы станциясы іске қосылған. Онда 3224 қызметкер жұмыс істейді.

Аяулым көлжігіт, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы