Басшылыққа қарсы қол қойғандардың көбі арызын қайтып алған
Алматыдағы жедел жәрдем жүргізушілері көлікке қажетті құрал-саймандарды өз қалтамыздан сатып аламыз деп айды аспанға бір-ақ шығарған еді. Олардың бұл шағымына Алматы қалалық жедел жәрдем бастығы келіспейтінін айтып, тіпті, «жала жапты» деп полицияға арыз берген. Оның үстіне, «маған қарсы қол қойғандардың көбі алданып қалған» деп кесіп айтты. Ең қызығы, басшылыққа қарсы қол қойғандардың көбі арызын қайтып алған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыдағы арызданған жедел жәрдем жүргізушілері «жәдел жәрдем көлігіне қажетті құралдарды өзіміз сатып аламыз» деп басшылыққа айып таққан. Алайда кінә тағылған жедел жәрдем орталығының бастығы Ербол Сәрсенбаев оны мүлдем жоққа шығарды.
«Мен расында Алмалы аудандық полиция бөлімшесіне арыз қалдырдым. Өйткені мен Қазақстан азаматы ретінде өзіме жала жабылғанын дәлелдеу мақсатында, арымның алдында адал екенімді көрсеткім келді. Себебі маған тағылған айып мүлде қисынсыз», – дейді Алматы қаласы медициналық жедел жәрдем директоры Ербол Сәрсенбаев.
Мекеме бастығының сөзінше, бас көтерген жүргізушілердің көбі дерлік – бұрын жұмыста заң бұзғандықтан, қисынсыз көлік апатын жасағаны, адам қаққаны үшін жұмыстан қуылғандар-мыс. «Ал көлік бөлшектерін қызметкерлер сатып алады деу – ақымақтық» дейді.
Қала бойынша 248 жедел жәрдем көлігі бар тұрақтан күнделікті 200 көлік көмекке шығып отырады екен. Ал жалпы, мұндағы көлікті жөндеуден өткізетін 29 маманның бәрі «жүргізушілердің көлік жабдығын өз қалтасынан сатып алған кезі болған жоқ» деп отыр.
«Жаңадан машина келіп жатыр, бұрынғы ескі көлік емес, ал жаңа көлікке шынын айтқанда, көп бөлшек керек емес. Мысалы, жүргізушілердің көбі бастапқыда қол қойған, ішінде мен де бармын. Бірақ көбісі кейін оның қандай жағдайда не жазылғанын оқымай қойып берген. Сондықтан кейін келе түсініп, бәрі қайтадан бас тарту туралы жазды. Ешкім ешкімді мәжбүрлеген жоқ», – деді №12 қосалқы жедел жәрдем орталығының жүргізушісі Мұрат Малаев.
Расында о баста қол қойған 80 адамның 56-сы қазір арызын қайтып алыпты. Алайда қызметкерлер бұрынғы басшылық кезінде өз қалтамыздан бөлшек сатып алған кездер болған деп отыр. Онда да кейін ақшамызды қайтарып беретін дейді. Десе де, көтерілген кей мәселенің шешімі жақын арада шешіледі деп сенеді.
«Бұрынғы бастықтардың кезінде болған нәрсе. Оны жасырмаймыз. Бұрын осындай болды. Қазір біз көлік бөлшектерін сатып алып жатқанымыз жоқ. Жөндеу жұмсытарын бұрын өзіміз келіп жасайтын едік, қазір ондай жоқ», – деді №12 қосалқы жедел-жәрдем орталығының жүргізушісі Ералы Үмбетбаев.
Қорыта келе, қазір жедел жәрдем бастығына айып таққан жүргізушілердің берген түсініктемесі тексерістен өтіп жатқан көрінеді. Ал Алмалы ауданына арыз жазған аталмыш мекеме бастығы өзінің кінәсіз екенін дәлелдеп шығуға дайынмын деп отыр. Сонымен қатар жүргізушілер мен медициналық қызметкерлердің мерзімді аккредитациялық тексерісі міндетті түрде өз уақытында өтеді деді.
Әлібек Шынтемір, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы