Бүгінде Жаркент қаласында 100 адамға арналған арнайы санитарлық оқшаулау орны дайын
ҚР Бас санитары Жандарбек Бекшин Панфилов ауданындағы үш шекаралық өткізу бекеттерінде орналасқан медициналық пунктерді тексерді. Өткен жолғы іс-сапарында көтерілген мәселелер бойынша жиын өткізіп, қажетті көмектер қарастырылатынын атап өтті, деп хабарлайды Панфилов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
«Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығы наурыздың 1-не дейін жабық. Ал, жолаушылар тасымалы тоқтаған Nur joly мен «Алтынкөл» бекеттерінде санитарлық-эпидиомология мамандары күшейтілген режимге көшкен.
Қазір Жаркент қаласында 100 адамға арналған арнайы санитарлық оқшаулау орны дайын. Сондай-ақ, қажетті жағдайға деп тағы қосымша 160 орын қарастырылған.
Барлық санитар-эпидиомологтар толық медициналық жабдықпен қамтамасыз етілген.
«20 ақпаннан бастап, Қытайдан келген адамдардың барлығы 14 күнге дейін арнайы санитарлық бақылауда болады. Өйткені бұл вирусты жұқтырған адамнан сырқат белгілері бірден байқалмауы мүмкін. Коронавирустың ағзадағы жасырын кезеңі 14 күннен 24 күнге дейін созылу фактісі анықталған. Қытайдан өткен азаматтар 14 күн жатып шыққаннан кейін де он күн бойы толық бақылауда болады. Сол себепті сақтық шаралары жүргізіліп жатыр», – деді Жандарбек Бекшин.