Арнайы пакеттер мен азық-түлікті таратуға 120-ға жуық ерікті жұмылдырылыпты
Елімізде «Біз біргеміз» атты бірыңғай акция басталды, деп хабарлады Almaty.tv.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес қолға алынған шарада 7000-нан астам адамға әлеуметтік көмек көрсету жоспарланған. «Нұр Отан» партиясы халыққа ең керекті бетперделер, санитайзер, сабын мен қолға арналған антисептиктері бар жинақтарды үлестіруді бастады. Мұндай көмек әсіресе Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен жалғыз қалған қарттарға, аз қамтылған көпбалалы отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетіледі.
«Карантин жарияланған Нұр-Сұлтан және Алматы қаласына партия тарапынан 150 млн теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілген болатын. Әр отбасымен ешқандай байланысқа түспей, біз, «Жас Отанның» еріктілері, осы жерге өз еркімізбен келіп, гигиеналық заттарды табыстайтын боламыз», – деді қалалық «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Мәди АХМЕТОВ.
Еріктілер тұрғындармен тікелей байланыс жасамай, қораптарды, есік алдына дейін апарып береді. Қазіргі уақытта таптырмайтын тазалық құралдары мен қорап-қорап азық-түлік ардагерлер мен жалғыз қалған қарттарға, аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жеткізілді. Акция аясында қаладағы 7 мың адамға осындай әлеуметтік көмек көрсету көзделген. Бүгін 200-дей отбасы аталмыш жинақтармен қамтылды. Мұндай шараларға 120-ға жуық ерікті тартылыпты.
«Шүкір отырмыз енді. Шықпа дегенге шықпай отырмыз үйде. Дендерің сау болсын. Алла риза болсын. Өмір жастарың ұзақ болсын», – деді қала тұрғыны Гүлнар НҰРЫМБЕТОВА.
Сонымен қатар, партия бастамасымен қалада жағдайы төмен тұрғындарға қол ұшын созу мақсатында «Жаңа Алатау» атты есеп шот ашылған. Қорда жиналған қаржы ашық түрде бақыланып, кеткен шығындар туралы есеп беріліп отырады. Бұл шотқа кәсіпкерлер, көмек көрсеткісі келген жандар қаржы аудара алады
«Қазақ елі қиындықта бір-бірін тастамаған. Сол себептен мұршасы жеткен, қалталы бизнесмендер болсын, кәсіпкерлер, басқа да адамдар болса көмекке зәру жандарға қол ұшын беріп, оларға көмектессе нұр үстіне нұр болады», – деді Қалалық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Қайрат ҚҰДАЙБЕРГЕН.
Жалпы «Нұр Отан» партиясы тарапынан бүгінде атаулы көмек көрсету үшін Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласына 150 млн теңге қаржы бөлінген. Соның ішіндегі 75 млн теңге Алматы қаласына тиесілі. «Біз біргеміз» акциясы әрі қарай да жалғасын таба береді.
Назкен Еркін, Арсен Сандыбаев
«Алматы» телаарнасы