Құлсары қаласында 100-ден аса шаруаға су астында қалған қожалықтары үшін 123 млн теңгеден астам қаражат төленді. Қазір өңірде бағалау, өтемақы беру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тасқыннан зардап шеккен шаруалар мен кәсіпкерлердің шығыны толық өтеледі. Ауданда 340-тан астам кәсіпкерлік нысан су астында қалған. Ал тауар шығыны бойынша 27 кәсіпкердің өтінімі өңірлік комиссияға жолданған. Қазір аталған іс бойынша бағалау жүргізіліп жатыр. Бар жұмысты жауапты мамандар апта аяғына дейін аяқтайды.
Айта кетейік, Жем өзенін жағалай орналасқан мал шаруашылығы бойынша 170 шаруашылықтың 101-іне бұған дейін 123 млн теңгеден астам өтемақы төленген. Ал егіс алқаптарының шығынын өтеу басталады.
– Егін шаруашылығына ештеңе жасақталған жоқ. Бір гектарға төленетін норманы министрлік бекітеді. Құжат әлі келмей жатыр. Соған байланысты облыс бойынша жұмыс тоқтап тұр. Су басып қалған 4 шаруашылықтың жері анықталды, – деді Жылыой аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұртас Қуатбаев.
Баспанасы жарамсыз болып, бүлінген тұрғындарға қазір Болашақ шағынауданынан жаңа үй салынып жатыр. Құрылыс толығымен қыркүйекте аяқталса, 100-ден аса құлсарылық баспаналы болмақ. Өңірдегі су тасқынынан зардап шеккен жолдар да қалпына келтіріледі.
- Автокөлік жолдарын қалпына келтіру керек. Автожолшылар 2 ықшамауданында асфальт жолын қалпына келтіру жұмысысын бастады. Қаланы қалпына келтіруден бөлек жұмыстар жоспарға сай атқарылып келе жатыр, – деді Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов.
Жайық өзені қауіпті межеде тұр. Ағысы қатты су шаһар маңындағы Ақжар ауылында жағалау бөгетінің 100 метрін шайып кеткен. Қазір су басқан аумақта нығайту жұмыстары жүріп жатыр. Оған 20-дан аса төтеншелік жұмылдырылған. Ал құлаған бөгетті қалпына келтіру 90 пайыз аяқталды. Аймақта су деңгейі шарықтау шегінен өтті.
– Су тасқынының шарықтау шегіне жеттік, Жайық өзеніндегі су деңгейі төмендеуде. Оны уақытта Индер, Махамбет аудандарында және Атырау қаласында күнделікті бақылап отырмыз. Жайықтан тасыған су жыраларға жайылып, көп аумақты су басуына байланысты, шаруа қожалықтарына қауіп төнді. Тиісті жұмыстар толық жүргізілуде, – деді Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Руслан Шариев.
Ал әкімдіктегілер тасқын аяқталған соң, жағалауды қайта қалпына келтірмек. Яғни қапшықтарды жинау жұмыстары «Арнаулы автобаза» қызметкерлеріне жүктеледі. Әрі бұл жұмыстарға жергілікті мекемелер де тартылады.
Жұлдыз Қайратқызы, Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау облысы
Оқи отырыңыз: Жылыой ауданында 617 түлек ҰБТ тапсырады