Құрылғы бейнежазба жасау мүмкіндігіне ие
Биыл шілдеден бастап Алматының мыңдаған тұрғыны сервистік полиция қызметіне жүгінген. «Қауіпсіз қала» бағдарламасы аясында мониторингті күшейтетін 7 орталық жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Екі жарым ай ішінде арнайы орталықтардың көмегіне 8 мыңнан астам адам жүгініп, кеңес алған. Алдағы уақытта көрсетілетін қызмет түрін кеңейіп, оларды цифрлық форматқа ауыстыру жоспарлануда. Ендігіде азаматтар EgovMobile қосымшасы арқылы қабылдауға жазыла алады.
– Жаңа қызметтерді қосып жатырмыз. Барлық жоба мен қызмет түрін цифрландыру көзделген. Бұл бағытта жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Тұрғындар үйден шықпай-ақ кезек қызметті таңдап, маман көмегіне жүгіне алады. Бұл өтініш берушінің де, қызметкерлердің де уақытын үнемдейді, – деді Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Айтан Елеусізов.
Қазанның басында Түрксіб ауданында сегізінші сервистік орталық ашылмақ. Онда жергілікті тұрғындар әкімшілік, миграциялық, ювеналды полиция мен учаскелік инспекторлардан кеңес ала алады. Қызмет түрлерімен қатар, мамандар саны да едәуір артқан.
– Бір апта бұрын жол-көлік апатына түстім. Кінәлі жүргізуші оқиға орнынан қашып кетті. Дереу полицияға жүгіндім, бір тәулік ішінде камералардан қарап, кінәлі азаматты таптық. Соның арқасында бүгін сақтандыру компаниясына құжаттарды өткізуге барамын, – деді қала тұрғыны иайла Гасанов.
– Алматы қаласына келгеніме 2 айдың көлемі болды. Осы миграциялық полиция сервисі орталығы жайында кісілерден естіп келдім. Ықтияр хат алу мәселесінде барлық жұмысты жылдам атқарылды, – деді қала тұрғыны Нұрбек Сәбденов.
«Қауіпсіз қала» бағдарламасы аясында Алматының әр ауданына 30-дан астам дабыл түймесі қойылған.
– Қоңырау түймесін басқан бетте күні, уақыты, орналасқан жері бірден көрінеді. Ақпараттың бәрі бірден шығып отырады. Бұл жерде бейнекамера орнатылған. Дабыл түймесін басқан кісіні көріп тұрамын, ол мені ести алады. Оған сұрақ қойып, мән-жайды білуге болады. Сол жерге учаскелік полицияны және жедел тергеу тобын жібереміз, – деді Полиция департаменті жедел басқару орталығының кезекшісі Майя Қасанова.
Құрылғы бейнежазба жасау мүмкіндігіне ие. Алдағы бір жарым жылда Алматы қаласында тағы 100 дабыл түймесін орнату көзделген. Олар халық көп шоғырланатын жерлерде орналасып, тәулік бойы жұмыс істейді.
Әйкерім Пернекбек, Владислав Иващенко, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Түркістан қаласының жеке дизайн коды енгізілмек