Бүгінде еліміздің мектеп кітапханаларында 130 миллион кітап бар
«Әділетті Қазақстан – адал азамат» Ұлттық құрылтайының екінші отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев осынау тарихи даму кезеңіндегі идеологиялық жұмыстардың негізгі бағытын атап көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мемлекет басшысы мәдени мұраны сақтау мен насихаттау, өскелең ұрпақты тәрбиелеу мәселелеріне кеңінен тоқталды. Ұлттық идеологияны қалыптастырудың тиімді құралының бірі – кітап шығару ісімен тығыз байланысты екендігін баса айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев бізде басқа елдердің шетелдік өнімдері басым екендігіне – әдеби кітаптардың 90 пайызға жуығы сырттан келеді. Бұл үрдістің салдары қандай болатыны айтпаса да түсінікті.
Президент «Ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару өте маңызды. Смартфон баланың қолындағы кітаптың орнын баспауы қажет» деп атап көрсетті. Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде еліміздің мектеп кітапханаларында 130 миллион кітап бар. Алайда олардың арасында көркем әдебиеттің үлесі шамалы.
«Мен Президенттің кітап оқитын халық қана нағыз зиялы бола алады деген пікіріне толық қосыламын. Сондықтан мен және әріптестерім өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын оятуға бар күш-жігерімізді саламыз. Жазушылар одағы «Балалар кітапханасы» жаңа бағдарламасын жүзеге асыруға үлес қосуға әзір. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдері мен жанрларын қамтитын кітаптардың арнайы тізімін жасауға белсене атсалысуға дайынбыз», - деді қаламгер-журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мереке Құлкенов.
Мемлекет басшысының тәулік бойы жұмыс істейтін Президенттік кітапхананы салу туралы ұсынысы да жазушылар қауымынан қолдау тапты. Бұл кітаптарды қолжетімді етеді және қоғамда кітап оқуға деген қызығушылықты оятуға көмектеседі.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Жазушылар Одағының ұлттық идеология мен жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру, соның ішінде кітап оқитын ұлтты дамыту сияқты маңызды істерге белсене атсалысуы керектігіне назар аударды.
«Бұл мәселелерде біз Мемлекет басшысымен толық ынтымақтасамыз. Қазақ әдебиетінің дамуына ұдайы қолдау көрсетіп жүргені үшін Одақ атынан және жеке өз атымнан алғыс айтамын. Заманауи авторлардың шығармалары сұранысқа ие және сұранысқа ие болуы керек, сөреге шаң жинамауы тиіс. Бұл мәселе бойынша да жұмыс істейтін боламыз. Сондай-ақ Мемлекет басшысы оқырмандарды рухани азық бере алатын тың туындылар күтіп тұрғанын қадап айтты. «Қазақстанның халық жазушысы» атағының қайтарылуы Жазушылар одағының жұмысына жаңа серпін беретініне сенімдімін. Бұл жоғары баға өзекті, қызықты, танымал туындылар жасаған авторларға ғана беріледі», - деді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мереке Құлкенов.