Наурызбай ауданында жер қазу жұмыстарын заңсыз жүргізген құрылыс компаниясы анықталды

Наурызбай ауданында жер қазу жұмыстарын заңсыз жүргізген құрылыс компаниясы анықталды
Жарты жыл бұрын-ақ теп-тегіс болған жерді тұрғындардың өзі танымай қалға
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Наурызбай ауданындағы Абай саяжайы маңында жер қазу жұмыстарын заңсыз жүргізу фактісі анықталды. Жақын маңда көппәтерлі тұрғын үй салып жатқан құрылыс компаниясы топырақты елдімекен маңынан қазып алады екен. Тереңдігі 70-80 метрге таяйтын 3 шұңқыр бар. Ал, олардан көтерілген шаңнан тері аурулары да тарай бастаған көрінеді. Заңсыз карьерден зардап шегіп отырған халықтың мұңын Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай тыңдап қайтты.

Жарты жыл бұрын-ақ теп-тегіс болған жерді тұрғындардың өзі танымай қалған. Әлдекімдер осы жерден үнемі топырақ қазатындықтан, қазір терең орға айналған. Ал, осы маңнан 10-15 метр жерде ғана жеке меншікүйлер орналасқан. Ең сорақысы диаметрі 100 метрдей болатын шұңқырдың айналасына, тіпті, қоршау да қойылмапты.

Заң жүзінде тұрғын үй мен қазылған жердің арасы бір шақырымнан кем болмауы тиіс. Себебі жаңбыр немесе қар жауғанда  ғимараттың сайға жылжу ықтималдығы жоғары. Ал мамандардың сөзінше құрылыс компаниясының мұндай ауқымдағы қазу жұмыстарын жүргізуге рұқсат қағазы жоқ. Мекемеге тек құрылыспен айналысуға рұқсат берілген.

«Алматы қаласы сейсмикалық қауіпті аймаққа жатады. Мына саяжай үйлеріне тым жақын тереңдікте қазылуы алдағы уақытта, қыс мезгілінде жаңбыр суының көп болатынын ескерсек өте қауіпті. Қазіргі уақытта «ҚазақСтрой» компаниясының рұқсат құжаттары жоқтығы анықталу үстінде. Егер рұқсатсыз қазу жұмыстары жасалғаны анықталатын болса, заң шеңберінде шара қолданылатын болады», – деді қалалық экология департаментінің басшысы Дінмұхаммед Лесбеков.

Қазу жұмыстары басталғалы тыныштығынан айырылған тұрғындардың бірі Ұлжатай Сағынбаева. 3 немере өсіріп отырған әжей елдімекенге осыдан бір жыл бұрын көшіп келген. Әу баста жазық мекенде тұрған үйдің қазір берекесі қашқан. Шаңның кесірінен аймақта тіпті өсімдік те өнбейді екен. Немерелерімді сыртқа шығарып, есік-тереземді ашудан қалдым деп ашынады қария.

«Жас балалар, кішкентайлар бар. Далаға ойнап шыққанда біздің жүрегіміз ұшады. Ананың ішіне домалап түсіп кеткенде не болады деп. Ал енді жаздай шаңның ішінде отырдық. Далаға кір жая алмадық. Роза гүлдер отырғызып едік, белгілі бір уақыттардан кейін әлгі ғылыми тілмен айтқанда фотосинтез дейді ғой, міне сол алмасу процесстері жүрмеді ме, мінекей гүлдерімнің бәрі қырылды», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Ұлжатай Сағынбаева.

«Рұқсат қағазымыз бар» деген компания өкілдері арнамызға сұқбат беруден бас тартып, қаша жөнелді. Заңбұзушылық анықталған орынға полиция қызметкерлері жетіп, құрылысшылардан түсініктеме алды. Сөйтсе олардың өзі де құрылыс жұмыстарының мақсатынан бейхабар болып шықты.

Жауапты мамандардың мәліметінше, аймақта 127 жаңа көппәтерлі тұрғын үй салынып жатыр. Қолды болған топырақ пен тас қиыршықтары осы құрылысқа пайдаланылуы мүмкін дейді тұрғындар. Ал аудандық әкімдік өкілдері заңбұзушылық фактісі бойынша құзырлы органдармен біріге отырып жұмыс істейтінін айтты.

«Құрылыс компаниясының ақпараты бойынша осы жылдың 10 желтоқсанына дейін қазылған жерлер қайта қалпына келтіріледі. Атап айтқанда, шұңқырлардағы қоқыс шығарылып, олардың беті жабылады. Мекеме жұмысы жергілікті әкімдіктің, табиғат қорғау полициясының және экологиялық инспекцияның қатаң бақылауында болады», – деді Наурызбай ауданы көріктендіру бөлімінің басшысы Жандос Тәкібаев.

Алдағы уақытта ауданда қалалық экология департаментімен жерді қадағалау жөніндегі комиссия құрылмақ. Анықталған фактілер бойынша кәсіпкерлер әкімшілік жазаға тартылып, жерді қайта қалпына келтіруі тиіс.

Сымбат Ноғай, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров