Қазір Жансерік күн сайын түрлі жаттығулар жасап, дертімен белсенді күресіп жатыр
«6 айдан асқанда баламның миына қан құйылғанын білдік». Шымкенттен арнайы келген ана ұлының еміне көптен көмек сұрайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
3 жастағы Жансерік бұған дейін бірнеше рет шетелде ем қабылдап, ота жасатып үлгерген. Қазір жағдайы біршама жақсы. Ал айығып кету үшін ақша – мәселе болып тұр.
2019 жылы 28 аптасында дүниеге келген Жансерік үлкендерше әңгіме айтып, ән салады. Ақыл-ойы мен сөйлеген сөзінде кінәрат жоқ. Анасы алғашында баланың денсаулығында ақау барын білген жоқпыз дейді. Тек сәбидің туғанына 6 айдан асқанда диагнозы анықталған, қозғалысы қиындап, қан құю қажеттігі туған. Содан бері емі де үзілмепті. Жоқ емес, нәтиже де көңіл қуантарлық.
«Балам аяққа тұрып кетсінші деп, күніге Алладан тілеймін. Таңертең күнде еміне және жүзуге апарам. Сол кезде «бүгін бармайықшы, мен шаршадым» деп айтады», – деді Ж. Мырзанның анасы Әйгерім Төлтаева.
Қазір Жансерік күн сайын түрлі жаттығулар жасап, дертімен белсенді күресіп жатыр. Баласы үшін басқаның бәрін ұмытқан ана тамызда тағы Түркияға бару керектігін айтады. Алғашқы ота сол жақта жасалғандықтан, емді де кешенді түрде бір орталықта жүргізу керек. Айтпақшы, бұған дейінгі ауыртпалықтың бір бұрышын көтеруде көпшіліктің көмек көрсеткені бар. Бір жарым жыл бұрын ота жасарда әлеуметтік желіден жиналған қаржы бір жыртығымызға жамау болды дейді Әйгерімнің өзі.
«Баламның еміне кеткен қаражаттың 6,5 млн теңгесі халықтан жиналды. Ол бізге үлкен көмек болды. Ол адамдарға алғысым шексіз», – деді Ж. Мырзанның анасы Әйгерім Төлтаева.
Балдырғанның бал тіліне қызығып, біраз әңгіме айттық. Жансеріктің «Анамды бағам», «көлік алам» деген арманы бар. Ал ол арманның жүзеге асуы жүрегі мейірімге толған көпшіліктің көмегімен келмек.
KASPI GOLD 4400 4301 1527 0131
AIGERIM TOLTAYEVA
Мадина Оқас, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы