Мұндай мұзды шоу Қазақстанда бесінші рет, алайда Дениссіз алғаш рет өтіп жатыр
Танымал мәнерлеп сырғанаушылар алматылықтарға керемет көңіл-күй сыйлап, отандасымыз туралы естеліктерімен бөлісті. Аталған шара тек мұз айдынының мұзбалағы ғана емес, сазгер, ақын, сценарист, айнымас дос және керемет ұйымдастырушыны еске алуға арналды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мың түрлі бояумен көмкерілген мұзды шоу талантты, сегіз қырлы Денис Теннің жеке бір кітабынан алынған үзінді іспеттес. Көптеген алматылықтар кумирін жаңа қырынан танығандай болды..
«Жас кетіп қалды. Жарқ етіп сөнген жұлдыздай дүниеден өтті де кетті. Бүгінгі концертке Денис Теннің өнеріне бас июге келдік», – деді бір көрермен.
«Біз өз елімізді дәл осындай ел-жұрттың есінде бірден қалатын жас спортшы танытқанын мақтан етеміз. Ол қашанда Қазақстан жайлы жылы пікір айтатын, өзінің осы елде өсіп-жетілгенін тілге тиек ететін», – деді келесі бір көрермен.
«Біз Денисті жақсы көрдік, ол мәңгілік біздің жүрегімізде қалады. Себебі ол – мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанды әлемге танытқан алғашқы фигурист», – деді көрермен.
Сахналық көрініс Денис Теннің авторлық композициясымен ашылды. Алғашқы нотасынан бастап таныс әуен мұзды шоуды керемет әсерге бөледі. Алматыға келген мәнерлеп сырғанаушылардың көбіне Денистің жеңісі әсер еткен. Баршасы онымен бірге өнер көрсеткен, жеңісті бірге тойлап, жеңіліс тапқанда бір-бірінің қасынан табылған достар. Сондықтан олар өз естеліктерін көрерменге мұз айдынындағы өнерлері арқылы жеткізді.
Мұндай мұзды шоу Қазақстанда бесінші рет, алайда Дениссіз алғаш рет өтіп жатыр. Оның орнын толтырып, жоғын білдіртпеу үшін мәнерлеп сырғанаудың хас шеберлері әр нөмірде оған құрмет көрсетті. Бірі отандасымыздың киімін киіп шықса, енді бірі бағдарламасын қайталауға тырысты, үшіншісі Денистің әуендерімен мұзда сырғанады. Ал франциялық Мари Пьер Люрай Денис Теннің өмір бойы айналысқан спортының қаншалықты қиын, әрі қаншалықты әдемі екенін көрсеткісі келді.
Мұз айдынының шеберлері Денис Теннің тағы бір идеясын жүзеге асырды. Әншілер симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен танымал композияцияларды орындады. Ерекше әсерге бөлеген кеш келгендердің есінде ұзақ сақталары сөзсіз.
Азамат Әуезхан, Алтыншаш Смағұлова, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы