Алматыда 3 маусымнан бастап саябақтар қайта ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елде төтенше жағдай жарияланған уақыттан бастап жабық болған демалыс орындары енді қала тұрғындары үшін таңғы 06.00-ден түнгі 23.00-ге дейін істейді. Десе де келушілерге қойылатын арнайы талаптар бар.
3 маусымнан бастап Алматыда барлық алаңдар мен саябақтар қайта жанданып, таңғы сағат 6:00-ден ашылды. Бұған дейін мегаполисте «Жеке объектілердің қызметінен шектеулерді алып тастау тәртібі туралы» қаулыға қол қойылған болатын. Осы орайда Қазақстан Рспубликасының тұңғыш Президенті саябағының есігінен қара құлып алынып, карантин уақытында өздерін барынша оқшаулаған халық ағылып келіп жатыр. Тіпті абаттандыру жұмыстары да қызу жүргізілуде.
Шаһар аумағындағы барлық жасыл-желекті демалыс орындары қайта іске қосылып, күнделікті түнгі 23.00-ге дейін жұмыс істейтін болады. Бұған дейін коронавирус таралуының алдын алу мақсатында 2020 жылдың 21 наурызынан бастап қаладағы барлық саябақтар жабылған еді.
«Туристік полиция Алматы саябақтарында кезекшілік етеді. Саябақтардың, алаңдардың, аллеялардың және азаматтар жаппай көп жүретін орындардың ашылуына байланысты бұл аймақта полицейлердің патрульдеуі қамтамасыз етіледі. Олар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, құқық бұзушылықты болдырмауды және маскалық режимнің сақталуын қамтамасыз етеді», – деді Бостандық ауданы Полиция басқармасының бастығы Дәурен ӨТЕБАЕВ.
Десе де қалада қауіпті індет әлі өршіп тұғандықтан, саябақтарға кіреберістерде күзет қызметкерлері тұрғындардан арақашықтық пен санитарлық нормаларды сақтауды талап етіп, барлық ережелерді түсіндіреді. Ал, келушілер екі жарым айдан кейін қайта жанданған парктерде демалуға мүмкіндік туғанына қуанышты.
БЛИЦ:
1. Карантинде 2 ай үйде жатамыз деп шаршады балалар. Ашылғанына қуандық. Негізі ашылуы туралы жаңалықтардан қарадық. Бәріміз осы маскамен, антисептикпен дезинфекция жасап келдік.
2. Бұл жерде ит жүрмейді, сосын шағын пикникке рұқсат етілген екен.
3. Көңіл-күй сыйлау үшін келдік. Әрине, мақсат – қыдырып, бірдеңе жасау емес, жай ғана естелік ретінде суретке түсіп, келіп кету болды.
Ескерте кетсек, алматылықтарға саябақтарда демалу үшін бірнеше талаптарды орындау қажет. Мәселен, топтасып табиғат аясында демалуға тыйым салынады. Тек үш адамнан аспайтын және бір отбасы мүшелеріне баруға рұқсат етіледі дейді қаланың бас санитар дәрігері.
«Біз қоғамдық демалыс орындарында көрермендердің қатысуымен мәдени және спорттық іс-шараларды өткізуге және қала аумағында адамдар көп жиналатын іс-шараларды өткізуге тыйым саламыз. Жаппай корпоративтік және басқа да іс-шараларды өткізу үшін жеке меншік үйлерді, құрылыстарды жалға алуға рұқсат етілмейді. Сонымен қатар, топтық экскурсияға тыйым салу мәселесін де қарастырамыз. Өкінішке қарай, бұл жағдайлар жұқпалы вирустың таралуына себеп болады», – деді қалалық мемлекеттік бас санитар дәрігер Жандарбек БЕКШИН.
Алдағы уақытта қала тұрғындары жаппай демалатын орындардың қызметі күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық тәртіптің талаптарын міндетті түрде орындауы шарт. Егер де тазалық шаралары сақталмай немесе келушілер тарапынан қандай да бір заң бұзушылық орын алса, әкімшілік жауапқа тартылады. Айта кету керек, саябақтардағы сауда нысандары мен әткеншектер әзірге іске қосылмайды.
Аяулым Көлжігіт, Ескендір Тоғыспаев, «Алматы» телеарнасы