Броньды көліктер жеке құрамның жауынгерлік міндеттерін орындауына мүмкіндік берген
Алматыда төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету кезінде лаңкестер әскерилерге шабуыл жасады. 6 қаңтар күні олар еліміздің Десанттық-шабуылдау әскерлерінің бөлімшелеріне тиесілі «Арлан» броньды дөңгелекті машиналарына оқ жаудырған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шабуылшылардың басты мақсаты техниканы істен шығарып, әскери қызметшілерді жою болыпты. Алайда олардың бұл ойы іске аспады. Броньды көліктер жеке құрамды бүркемелеп қана қоймай, жүктелген жауынгерлік міндеттерді орындауды қамтамасыз етті.
«6 қаңтар күні нысандарды күзетіп, сарбаздарды алып жүрген кезде осы техникаларға оқ атылды. Барлығы жиырмадан астам оқ тиген. Суық қарумен атылған. Ешбір экипаж десантына зақым келмеген», – деді десанттық-шабуылдау бригадасының командирі Данияр Қарманов.