Елімізде бір аптада 300-ге жуық өрт тіркелді

19.07.2023 21:23

Мамандар табиғат аясында от жақпауды және қоқыс қалдырмауды ескертеді

stan.kz

Елімізде бір апта ішінде 295 өрт оқиғасы орын алып, 1569 жану фактісі тіркелген. Ал Алматыда қауіпті кезең басталғалы 182 құрғақ шөп жанған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Бір ғана Наурызбай ауданында 18 жерде құрғақ шөп өртеніп, құтқарушылар қауіптің бетін қайтарған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Құрғақ шөптің жануы табиғатқа орасан шығын алып келеді. Егер кепкен өсімдік тұрғын үйлердің арасында болса, ол тіптен қауіпті. Құтқарушылар мұндай жағдайда ауыр техниканы қолданады. Мәселен күні кеше қаламыздағы аудандардың бірінде қауіпті жағдай тіркелген.

– Биыл 18 факт тіркелді. Наурызбай ауданында құрғақ шөп жанған. Ешкім жарақат алған жоқ. Адам өлімі тіркелмеді, – деді Наурызбай ауданы төтенше жағдайлар басқармасының инженері Ербол Әнуарбеков.

Сала мамандарының айтуынша, қала маңындағы жазық далаға тұрғындар жиі қоқыс тастайды. Ал оның салдары апатқа алып келеді.

– Құрғақ шөптің жануы тез тарайды. Оны өшіру де қиын. Сол себепті біз өрт орнына барған соң, арнайы құралдарды пайдаланып, тез әрекет етеміз, – деді №18 арнайы өрт сөндіру бөлімінің қызметкері Шыңғыс Өтеулі.

– Күн ысты, шөп сарғайып кетті. Өрттің алдын алу үшін оны шауып жатырмыз. Маған 2 адам бөліп берді, осы ауданда жқмыс істейміз, – деді Наурызбай ауданы әкімдігінің механик қызметкері Нариман Әпсемет.

Өрт сөндірушілердің айтуынша, құрғақ шөптің жануына көбінде бөтелке мен шишаның күн астында қалуы себеп болады. Ал оны әдетте табиғатта демалушылар қалдырып кетеді. Алқаптар отқа оранбас үшін мамандар табиғат аясында от жақпауды және қоқыс қалдырмауды ескертеді.

Қайрат Советбекұлы, Әлібек Шынтемір, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы