Әр орынды 1 млн теңгеден сатқан: элиталық тұрғын үй кешенінің тұрғындары көлік қоятын жерге жарымай отыр

09.12.2020 21:24

Пәтер иелері сапалы коммуналдық қызметтерге де қолы жете алмай отырғанын айтады

Элиталық тұрғын үй кешенінің тұрғындары оймақтай жерге жарымай отыр. Алғашқыда автотұрақ тегін болады деген құрылыс компаниясының иесі кейін аулада көлік қоятын әр орынды 1 миллион теңгеден сатқан көрінеді. Соның салдарынан тұрғындар жалпыға ортақ саналатын аулаға көлікпен емін-еркін кіріп шыға алмайтындай күйге түскен. Бұдан бөлек, ірі шаhарда тұрса да, пәтер иелері сапалы коммуналдық қызметтерге де қолымыз жете алмай отыр дейді. Мәселенің мән-жайын анықтау үшін, тұрғын үй дауы орын алған жерге түсіру тобымыз аттанды. Тақырыпты Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын жалғастырсын.

Мына көлік тұрағы тұрғын үй кешеніне тиесілі. Үйді салған жекеменшік компания бастапқыда көлік тұрағының әр тұрғын үшін тегін болатынын айтқан. Ал, үйді сатып алғаннан кейін бір көлік қою үшін мына жерді 950 мыңға сатқан көрінеді. Ал, мына шлагбаум көлік тұрағын сатып алғандар үшін арнайы ашылады.

Көлік тұрағын сатқаны былай тұрсын, тұрғындар жақын күндері үйлеріне кіріп-шығатын жолға дейін ақы сұраса да таң қалмаймыз дейді. Себебі компания иелері жалпыға ортақ аумақты тұтастай өз меншігіне алып алған көрінеді. Осылай жалғаса берсе, үйімізге кірудің өзі арман болмай ма, деп ашынады жұрт.  

«Ал енді рұқсат бермесе, осы жаққа кіруге тікұшақпен ұшып-қонуымыз керек болады. Өйткені бұл жердің бәрі біздікі емес. Пәтерді сатып алдық, жерлер жекеменшік болып шықты», – деді Бостандық ауданының тұрғыны Зәмзагүл Қабдолдина.

Бұдан бөлек, тұрғын үйді сатар алдында жарнамасын айды аспанға ұшырып, уәдені үйіп-төккенге ұқсайды. Тіпті үй жанында жазғы мезгілде отбасымен отырып демалатын жер де салып береміз деп сендірген көрінеді. Ал, қазір бос тұрған ол жерге тағы бір тұрғын үй салынып жатыр. Құрылыс жұмыстарының кесірінен тұрғындар бір күні жарығымыз өшсе, енді бір күні ауыз судан таршылық көреміз деп отыр.

«Бұл үйді тұрғызар алдында компания иесі басқа біреу болған. Құрылыс жұмыстары аяқсыз қалған күйде қабылдап алдым. Оның алдында қандай шикіліктер болғанынан бейхабармын. Қазір ол үйдің тұрғындары аула сыпырушыға ақша төлемейді. Ол қызметкердің еңбек ақысын мен өз қалтамнан төлеп отырмын. Олар сонда да риза емес», – деді кәсіпкер Бақыт Ниязов.

Мәселеден қалалық Жер қатынастары басқармасы да хабардар. Ондағылардың айтуынша, заң бойынша үй маңындағы жер кімнің иелігінде болса да, тұрғындарға тегін берілуі керек екен.  

«Жер 2014 жылы облыс аумағынан қалаға өтті. Қазақстан Республикасының жер кодексінің 167-бабына сәйкес үй айналасындағы қандай да бір жер, көлік тұрағы тұрғындарға тегін берілуі керек. Бұл мәселе тек сот арқылы ғана шешіледі», – деді Алматы қалалық Жер қатынастары басқармасының бас маманы Марат Қанаев.

Амалы қалмаған тұрғындар сотқа арызданған. Алдағы сот отырысы 28 желтоқсанға белгіленген. Бірақ ол жерге үйді тұрғызған мердігер компания иесі келіп, мән-жайды түсіндіріп беретініне мұндағылар күмәнмен қарап отыр.

Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы