Тендер арқылы жасалған жемқорлық мемлекетке 2, 5 млрд теңге шығын келтірген

20.02.2020 21:24

Оның 70 пайызы жергілікті атқарушы орган қызметкерлерінің қатысуымен болған

2019 жылы мемлекеттік сатып алулар жүйесінде 300-ден астам сыбайлас жемқорлық жағдайлары тіркелген. Оның 70 пайызы жергілікті атқарушы орган қызметкерлерінің қатысуымен болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тендер арқылы жасалған жемқорлық істердің мемлекетке келтірген шығыны 2, 5 млрд теңгені құрапты. Мұндай фактілер Атырау, Қызылорда, Павлодар облысында көп тіркелген.

«Бағаларды негізсіз жоғарлатып көрсету, тауарларды жеткізуге аз уақыт белгілеу, белгілі бір қызмет көрсетушілерге басымдық беру секілді жағдайлар орын алған. Мысалы, Атырау облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының жауапты тұлғаларының қаражатты жымқырудың қылмыстық жүйесін құрғанын анықтадық. Олар мәдени-бұқаралық шараларды өткізу, тауарларды қымбаттату арқылы қазына қаржысын қалталарына басқан», – деді деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі офицері Айнагүл КАРИПОВА.

Мемлекеттік сатып алулардың бірыңғай терезесі жүйесі арқылы жемқорлыққа бейім 10 тапсырыс беруші тізімі құрылыпты. Оның ішінде білім саласының 7 мекемесі бар.

«Рейтингтің көшбасында «Азаматтарға арналған Үкімет мемлекеттік корпорациясы» тұр. Аталған тапсырыс беруші өткен жылы 37,7 млрд теңгеге сатып алулар жүргізген. Соманың 70 пайызы бір көзден сатып алу тәсілімен тікелей келісімшарт жасасу арқылы игерілген. Мысалы, А4 қағазының бағасы 1600 теңгеден 3800 теңге аралығында көрсетілген. Шымкентте бір қорап қағазды 4300-ден сатып алса, тура сондай қағаз Түркістанда 2800-ден сатып алынған», – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі офицері Айнагүл КАРИПОВА.