Жазушы небары 44-ақ жасында 69 кітап жазып үлгерген
Қазақтың көрнекті жазушысы, ақын Бейімбет Майлиннің туғанына биыл 125 жыл. Алматы төрінде Алаш ардақтысының мерейтойына орайластырылған шара өтті. Қостанай облыстық Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театры «Қаламгер» спектаклінің премьерасын ұсынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қойылымда көрнекті жазушының тартысқа толы тағдыры суреттеледі. Жазықсыз жала жабылып, тұтқынға ілінгені көрсетіледі. Қамауда қорлық көріп, озбыр билікпен арпалысқан Би-ағаның бұлқынысы – «Қаламгер» спектаклінің негізгі өзегі.
Бір-ақ сәтте «халық жауына» айналған Алаш ардақтысы туралы спектакль талғамы биік көрермен көңілінен шықты.
"Бұл енді ерекше спектакль болды. Кәдімгі республика деңгейіндегідей, облыстан келді дей алмайсыз. Жиналған халықтың бәрінің ойынан шықты", - деді бір көрермен.
"Біз Би атамызға арналған қойылымды көрдік. Сондай әсерлі болды. Сол замандағы өмір шындығы, Би атаның өмірі, шығармашылығы бәрі сахнада көрініс берді. Сол бір ауыр жылдар, тарих көз алдыма елестеді", - деді келесі бірі.
Қазақ әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан алып тұлғаның мерейтойына арналған шараға оның ұрпақтары жиналды. Бейімбет Майлиннің тікелей ұрпағы, немересі Дәметер Сейітжанова болды. Ол шараға қатысу үшін арнайы Петропавл қаласынан келген.
«Қойылым өте жақсы. Жазушының отбасын көрсетті. Сол уақыттағы тарих жалғыз Бейімбет атамыз емес, «Бес арыс», «Үш бәйтеректің» тарихын білдік. Театр ұжымына зор алғысымды білдіреміз. Жаңа жылап та алдық. Өмірдің азаптарын көрді ғой. Балалар да көрді», – деді Б. Майлиннің немересі Дәметер СЕЙІТЖАНОВА.
«Би ағаңның өмір жолынан көп деректер, мағлұматтар берді. Ол кісінің 37 жылы репрессияға ұшырап, сол кезде түрмедегі қиналған сұрақ-жауап алған кездердегі дүниелері архивте қалай көрсетілсе, тура сондай айна қатесіз көрсетілді. Сенімді, нанымды шыққан деп ойлаймын. Ал ол кісі 44-ақ жасында қазақ, орыс, ұйғыр тілдерінде 69 кітап қалдырған екен», – деді Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан ЖАҚЫП.
Бейімбет Майлин «Ауыл тілі», «Қазақ әдебиеті» газеттерінің бас редакторы болды. Роман, повесть, бірнеше либретто мен пьеса, киносценарийлердің авторы.
Перизат Көмекбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы