Банктерге берешекті өтеу мерзімі 180 күнге кешіріктірілгеннен кейін сыйақы, айыпақы комиссиялар және басқа төлемдерді есептеуге тыйым салынды
Коллекторлар қызметін реттеу тағы қатаңдатылады. Бұл туралы бүгінгі өткен Үкімет отырысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олег Смоляков мәлімдеді. Оның айтуынша, бас прокуратураның коллекторлық агенттік қызметкерлерін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы ұсынысы бар. Банктерге барлық ипотекалық қарыз бойынша берешекті өтеу мерзімі 180 күнге кешіріктірілгеннен кейін сыйақы, айыпақы комиссиялар және басқа төлемдерді есептеуге тыйым салынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгінгі өткен Үкімет отырысын Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жағымды жаңалығымен бастады. Министрдің сөзінше, соңғы бір айда елдегі коронавируспен сырқаттану көрсеткіші 2,4 есеге азайған. Дегенмен екі облыс әлі «қызыл» аймақта қалып отыр деді.
«Әлемде коронавирустың 258 милиионан астам жағдайы тіркелді. Тәулігіне 400 мыңнан астам жағдай тіркеліп отыр. Бес миллионнан астам адам осы вирустан көз жұмды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропа аймағында аурудың өсуі жалғасуда. Қазақстан Республикасы және қалған 10 өңір «жасыл» аймақта орналасқан», – дейді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Елімізде коллекторларды қылмыстық жауапқа тарту мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олег Смоляков мәлім етті. Президенттің тапсырмасы бойынша коллекторлық ұйымдардың заңсыз әрекеттеріне қатысты әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қарастыру ұсынылуда.
«Агенттік азаматтарды коллекторлық ұйымдардың заңсыз әрекетінен қорғау үшін коллекторлар қызметін реттеуді қатаңдату бойынша қосымша шараларды пысықтап жатыр», – деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олег Смоляков
Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов «Елімізде көмір жетіспеушілігі жоқ, тапшылықты қолдан жасап отырмыз» деді. Министрдің сөзінше, халықтың Шұбаркөл көміріне деген сұранысы жоғары. Сонымен қатар, министр 2025 жылға дейін Қазақстанда керамика плиткасы, сода және шыны шығаратын зауыттар пайдалануға берілетінін айтты.
«2022 жылы Қызылорда облысында қуаты жылына 197,1 мың тонна болатын «Orda Glass LTD» табақ шыны өндірісі жобасын пайдалануға беру жоспарланған. Инвестиция көлемі 42,1 миллиард теңгені құрайды. Бұл жоба ішкі нарықтың табақ шыныға қажеттілігінің 98%-ын өтейді», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.
Қазақстанда тұтынушыларға құқықтық көмек көрсететін омбудсмен институты пайда болады. Осылай деген премьер-министр Асқар Мамин қазақстандықтардың тұрмыс сапасын арттыру тұтынушылардың құқығын қорғау деңгейін арттырумен тығыз байланысты деді.
Қаламқас Нысанбай, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан