Қостанай қаласында өткен жылдың ақпан-маусым айы аралығында 44 адамның атынан онлайн несие алған 27 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі nur.kz-ке сілтеме жасап.
Кредит алаяқтық жолмен азаматтардың атынан 30 мыңнан 50 мың теңгеге дейінгі аралықта несие алып отырған. Басылым мәліметінше, келтірілген материалдық шығын көлемі 1,5 миллион теңгені құрады. Күдікті түрлі сылтаумен таныстарынан жеке куәлігінің көшірмесін сұраған.
Сонымен қатар, «ВКонтакте» әлеуметтік желісінен қосымша жеке деректер тауып, OLX сайтында жұмысқа орналасу туралы жарнама берген. Ол үшін әрине «үміткерлерден» фотосурет пен өзге де деректерді талап еткен. Адамдардың жеке мәліметтерін осылайша қолға түсірген алаяқ үздіксіз онлайн несиеге өтінім тапсырып отырған. Мысалы, Қарағанды қаласының тұрғыны 2020 жылдың тамызында жүргізуші болып жұмысқа орналасу үшін өзінің жеке деректерін «жұмыс берушіге» мессенджер арқылы жіберген.
«Бәрібір де жұмысқа орналаспадым. Алайда алты айдан кейін менің атыма белгісіз тәсілмен онлайн кредит берілгенін білдім. Қарыз сомасы 50 мың теңгені құрайды», – дейді алданғандардың бірі.
Ал полиция қызметтер ұсынған ақпаратқа сәйкес, зардап шеккендердің бірі алаяқтың жақын туысы болып шыққан.
Сондай-ақ, олардың көбісі микрокредиттік компания өкілдерінің қарызды қайтару туралы өтінішінен кейін ғана білген. Осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 3-бөлімі, 190-бабы (Алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.