Рахат ауылының тұрғындары жайылымның сатылып кеткеніне наразы

Almaty.tv
Almaty.tv
Ауыл әкімі жердің жекеге өткенін растады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысы Рахат ауылының тұрғындары жайылым жер тарылып барады деп дабыл қағып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Олар мал бағып, шөп шауып жүрген алқаптардың біраз бөлігі жекенің жетегінде кеткенін айтып шағымданды. Жер иесі ондағы жолдарды қазып, қоршап алуға әрекет етіп жатқан көрінеді.

Рахаттықтар «жекеменшікке сатылып біткен жайылым жердің рахатын көре алмайтын болдық» деп шағым айтты. Ірі-қарамен жан бағып отырған бұқара төрт түлігін жаярға жер таппай әбден қиналған. Жұрт «мемлекет жайылымға деп берген аумақтың дені жекеге өтіп кеткен» деп наразы

– Рахат ауылында үш мың отбасы тұрады. Елдің малы жайылатын жерді сатып алып, жердің талқанын шығарып, күреп жатыр. Мал суғарып жүрген жолды  қоршайтын болды, – деді Рахат ауылының тұрғыны Ақбұрхан Шыңғысов.

Жайылымды жекеге өткен соң, жар басына үй салып алғанның кесірінен топырақ көшуі мүмкін. Сондықтан құзырлы органдардан құжаттың дұрыстығын тексеруді талап қойып отыр. Өйткені қазір құрылыс түсіп жатқан төбенің топырағы тығыз емес, су сіңсе опырылып түседі.

– Ауылдың жартысынан көбі мал бағады. Бір мәшіне топырақ, тас алсақ айыппұл төлейміз. Баяғыда осы жерден шөп шауып, таситынбыз, – деді Рахат ауылының тұрғыны Берік Рахметов.

Ал ауыл әкімі жердің жекеге өткенін растады. Оның сөзінше, шаруа қожалықтары паймен беріліп, кейін жеке басқа құжаты рәсімделген. Оның үстіне, аумақты сатып отырған Рахат ауылының азаматы екен. Бірақ кәсіпкерге тау қыраттарындағы топырақты қазуға болмайтынын ескертіпті. Алайда талап ескерусіз қалған.

– Бірінші дау басталған  жекеменшік жерді ауыл тұрғыны  сатып жіберген. Жайылым  мемлекет меншігінде емес. Ал топырақты қазуға қатысты құзырлы орган өкілдері түсіндірген болатын. Таудың жолын түзеп, асфальт салуға болмайды, – деді Рахат ауылдық округінің әкімі Қайсар Бөгісбаев.

– Жеке адамнан заңды сатып алдым. Жекеменшік жерімді қоршап, жылқыларым ішінде жайылады. Қыста екі техника құлады. Сондықтан тас төсеп жатырмын, – деді жер иесі Қайрат Кәрібаев.

Кәсіпкердің айтуынша, шаруа қожалығыға барар жол керек болған соң қазуға мәжбүр. Сондай-ақ әрекетінің заңды екенін айтады. Ал тұрғындар сотқа жүгінбек. Дау тудырған жер телімі бойынша ауданнан арнайы комиссия құрылып, тексеріс жүргізіледі.

Әлібек Шынтемір, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров