«Алтын Орда» базарында тағы дау шықты

Almaty.tv
Almaty.tv
Кеңсе тауарларын сататын саудагерлер орын бөлісе алмай әлек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы «Алтын Орда» базарында тағы дау шықты. Бұл жолы кеңсе тауарларын сататын саудагерлер орын бөлісе алмай әлек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Саудамыздан сән кетті». Осылай шағым айтқан сатушылар «жайма базарға айналған кеңсе тауарлар жәрмеңкесін бір орынға топтастыру керек» деп талап қойды. Базынасын жеткізу үшін базар әкімшілігінің алдына жиналған. Олардың айтуынша, келушілер азайып кеткен.

– Қазір ғимарат ішіне адам кіріп жатқан жоқ. Себебі базардың сырты, жан-жағы кеңсе тауаларына толып кетті. Сыртта отырғандарды жиыстырса, жақсы болар еді, – деді сатушы Жанна Жәлімбетова

Алатын айлығы шайлығына жетпейтін олар 7-8 миллионға дейін тауар алып, қарызға белшесінен батқан көрінеді. Саудагерлер «егер оқу науқаны қарсаңында сауда жасап үлгермесек, жыл он екі ай несие төлейміз» дейді.

– Қарашадан бері сауда жоқ. Не жалға алған орынның, не несиенің ақысын төлеуге қаржы жетпейді. Қарыз көп. Жылда тамызда жәрмеңке болады, бір жерге топтаса, халық өзі ағылып келетін еді, – деді сатушы Мейрамгүл Төреханова.

Ал «Алтын Орда» базарына жуырда келдік деген жаңа басшылық мәселеден хабардар екен. Оның айтуынша, сауданың сан-саққа бөлінуіне азаматтар өздері кінәлі.

– Бұл кісілер бірінші қабатқа даладағы саудагерлерді кіргізуді талап еткен. Ал олар наразылық көрсетіп жатыр. Себебі олар қазір отырған орынды 1 миллион 500 мың теңгеге жалға алған, – деді сауда орталығының заңгері Ізбасар Өтеулин.

Сауда орталығы әкімшілігінің айтуынша, жәрмеңкеде ғана жұмыс істеуге келген кәсіпкерлер жекеден жалға орын алып, 1-2 ай ғана сыртта сауда жасайды екен. Ал сол уақытта ғимарат ішіндегілердің тіршілігі бірден бәсеңдейді. Сондықтан олар «жабайы сауданың алдын алып, жалпының жұмысы жақсы жүруі үшін барлығын бір орынға топтастыру дұрыс шешім болар еді» дейді.

Әлібек Шынтемір, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматы базарындағы өрттің шығу себебі анықталып жатыр

Новости партнеров