Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстан Президенті Мохаммад Ашраф Ғаниге көңіл айту жеделхатын жолдады

04.11.2020 21:27

Бұл туралы Ақорданың ресми сайтында жарияланды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстан Президенті Мохаммад Ашраф Ғаниге көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорданың ресми сайтында жарияланды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Президентіміз Кабул университетінде жасалған жантүршігерлік лаңкестік шабуыл салдарынан көптеген азаматтың жазықсыз қаза тапқаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізген жеделхатта. Сондай-ақ, қайғылы оқиғадан зардап шеккендердің тез арада сауығып кетуіне тілек білдірді. Айта кетейік, 2 қарашада Ауғанстан астанасындағы университеттің заң факультетіне шабуыл жасалды. 35 адам қаза болып, 50 адам жарақат алған. Мерт болғандардың бәрі – студенттер мен мұғалімдер. Ішкі Істер Министрлігі өкілінің ақпаратына сүйенсек,  шабуылды үш адам жасаған. Олардың көзін жою үшін жүргізілген арнайы операция алты сағатқа созылды. Ауғанстандағы Талибан тобы мен ел билігі ұзақ текетіресті аяқтау үшін Катарда келіссөз өткізсе де, елде шабуылдар бәсеңдемей тұр.