Оны үйінде аяғы ауыр келіншегі мен 4 баласы күтіп отыр
10 күннен бері хабар ошарсыз. Жамбылдағы жарылыста жоғалып кеткен Бауыржан Дәуітбаевтың туыстары бүкіл қазақ елінен көмек сұрайды. Көрген білгендер болса, хабар берсе сыйақымыз да дайын деп отыр. Almaty.tv тілшісі Мерей Бает жоғалған әскеридің туыстарымен жолыққан болатын. Жалпы іздеу жұмыстары қалай жүріп жатыр?
Етегі жасқа толған ана баласының тірі екенін сезеді. Бірақ 10 күннен бері хабарсыз отырғасын, түрлі ойға шомылып салы суға кеткен. Оны үйінде аяғы ауыр келіншегі мен 4 баласы күтіп отыр. Туыстары болса, тапқан адамға тіпті сыйақы беруге дайынбыз деп барша қазақ елінен көмек сұрауда.
«Ағамызды тауып, көмектесуіне қазақ елінен көмек сұраймыз. Тауып келіп жатса қолын құр қайтармай, қазақтың жолымен сыйақысын береміз. Базарбай ауылы, Нәби Мүлгиев көшесіне алып келсе бәрі таниды, біледі», – деді Б.Дәуітбаевтың қарындасы Перизат Нышанова.
Жоғалған әскери қызметкер 34 жаста. Әлі күнге табылмаған Бауыржанның бұдан бұрын белгісіз бағытқа кетіп бара жатқанын көрдік деп, сол маңдағы малшылар айтқан. Іздеу жұмысын жүргізіп жатқандар оның контузия алып, есін білмеуі мүмкін дегенді де жоққа шығармайды.
«Қазіргі таңда 2 іздестіру итімен тау, сай-саланы іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Іздеу жұмысына 100-ге жуық әскери және ТЖМ қызметкері жұмылдырылған», – деді облыс әкімінің орынбасары Талғат Мамаев.
Айта кетейік, Жамбылдағы 28-де 349 әскери бөлімінде болған жарылыстан 100-ге жуық адам жараланып, 15 адам қайтыс болды. Бауыржан Дәуітбаев сол бөлімдегі өрт сөндіру жасағына жетекшілік еткен.
Мерей Бает, Almaty.tv Жамбыл облысынан