|
Қоғам
18.03.2019 | 16:28

«Nur Otan» партиясы «Халыққа көмек» әлеуметтік жобасының жұмысын бастады

Бұл жоба Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынып отыр

«Nur Otan» партиясы «Халыққа көмек» әлеуметтік жобасының жұмысын бастады

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев халықтың өзекті әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған «Халыққа көмек» партиялық жобасының жұмысы басталғанын айтты.

Бұл жоба Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынып отыр. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы «Nur Otan» партиясының кезекті XVIII съезінде халықтың басындағы және қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты жедел әрекет ету керектігін айтып, «Халыққа көмек» жобасын жүзеге асыруды тапсырған болатын.

Жаңа бастаманы партия мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен және бизнес қауымдастықпен бірлесіп іске асырмақ. Жоба негізінде партияның еліміздегі барлық қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысы жаңғырып, олар бірыңғай әлеуметтік терезе жүйесінде қызмет көрсете бастады.

Жоба аясында қоғамдағы өзекті мәселелерді жедел әрі тиімді шешу үшін бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерге жарияланған жазбаларға талдау жасалып, алдын алу мониторингі жүргізіледі. Соның нәтижесінде қоғамдық қабылдау бөлмелері «жедел әрі бір жерде» қағидасы бойынша жұмыс істейді.

«Қазіргі таңда «Nur Otan» партиясы халықтың мүддесін қорғайтын және Елбасы тапсырмаларының орындалуына бақылау жүргізетін басты институт болып табылады. «Халыққа көмек» жобасын жемісті жүзеге асыру үшін қоғамдық қабылдау бөлмелерімен бірге бастауыш партия ұйымдарының да әлеуетін пайдаланамыз. Өйткені біздің басты міндетіміз - халықтың мәселесін тиімді шешуге ықпал ету», - деді Мәулен Әшімбаев.

Азаматтардың өтініштерін жеке қабылдау, сайт, электронды пошта, Call Center сияқты дәстүрлі жолдардан бөлек, халықпен байланыс әлеуметтік желілердегі парақшалар, WhatsApp мессенджері, тиімді кері байланыс құралы ретінде танылып үлгерген әкімдіктердің цифрлы қызметі (iKomek, Open Almaty және т.б.) және электронды Үкімет порталы арқылы да жүргізіледі.

Өзекті мәселені оң шешу үшін қоғамдық қабылдау бөлмелерінің қызметкерлерімен бірге мемлекеттік орган өкілдері, қажет жағдайда салалық мамандар (заңгер, психолог және т. б.) жұмылдырылады.

Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, қазіргі таңда партия халық пен билікті байланыстырушы алтын көпір ретінде қалыптасып отыр. «Халыққа көмек» жобасы арқылы қоғамдық қабылдау бөлмелері Елбасының әлеуметтік салаға қатысты тапсырмаларын орындау барысында мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және бизнес қауымдастықтың қызметтерін үйлестіруші рөлді атқарады.

Сондай-ақ партия Төрағасының бірінші орынбасары Елбасының бастамасымен қолға алынған өзге әлеуметтік жобалар туралы да айтып өтті.

«Мемлекет басшысы съезде «Халыққа көмек» жобасынан бөлек, тағы үш жобаны жүзеге асыруды тапсырды. Солардың бірі «Бақытты отбасы» жобасы қазақстандық отбасылар мен балалардың әл-ауқатын арттыруға бағытталып отыр. Келесі «Құтты мекен» жобасы аясында бірінші кезекте аймақтардағы инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту көзделген. Ал «Ауыл - ел бесігі» жобасы, аты айтып тұрғандай, ауылды дамытуға, онда жаңа жұмыс орындарын ашып, өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған», - деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар брифинг барысында Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Бақыт Темірова мен оның орынбасары Арыстанғали Сансызбаев сөз сөйледі. Олар өз сөздерінде қабылдау бөлмелерінің бүгінгі жұмысы туралы айтып, оң шешімін тапқан өтініштерге тоқталып өтті.

Айта кетейік, «Халыққа көмек» жобасы партияның 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты жаңа бағдарламасын жүзеге асырудың жұмыс бағыттарының бірі болып саналады.



МАҚАЛАДА

Нур Отан