Байқауға жалпы 20-ға жуық материал түскен
Биыл еліміздің төтенше жағдайлар комитетінің құрылғанына 24 жыл. Кәсіби мерекеге орай Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті өткізген журналистер арасындағы байқауда әріптесіміз, Алматы арнасы жаңалықтар жүргізушісі Өмір Әнуарбектің материалы үздік деп танылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ол құтқарушылар қиын жағдайда бастарын қатерге тігіп, от пен судың ортасында жүрген мамандық иелері екенін көрсеткен болатын. Байқауға жалпы 20-ға жуық материал түскен.
Оған қоса, шарада қауіп-қатерге толы қызметте жоғары жетістіктерге жеткен бірқатар мамандар алғыс хаттармен марапатталып, төсбелгілерге ие болды. Құтқарушыларды Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары кәсіби мерекелерімен құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
«Биыл 24 жыл толып отыр. Құтқарушылар әр түрлі құтқару жұмыстарына қатысады. Биыл Алматы қаласы бойынша 496 апаттық жұмыс жүргізіліп, 916 адам құтқарылды. Әріптестерімді осы мерекемен құттықтаймын. Дендеріне саулық, жұмыстарына табыс тілеймін», – деді Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерлан ӘЛІБЕКОВ.