Жобаның мақсаты – ұлттық құндылықтарды жаңғырту
Алматыда Наурыз мейрамы қарсаңында игі бастама қолға алынды. Қалада «Ұлы даланың дәмі» ұлттық этнографиялық жобасы ұсынылды. Оған сәйкес, Көрісу күніне тұспа-тұс Қыдыр ата мен Бақбала сыйға толы қоржындарды балалар үйіне, мүмкіндігі шектеулі жандар мен көпбалалы отбасыларға тарту етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Alatau-Aqparat» медиахолдингінің төл мерекемізді төрге оздыру мақсатында бастаған «Ұлы дала дәмі» жобасы ұлттық құндылықтарды жаңғыртуды мақсат тұтқан. Сыйлықтарды ұлттық киіммен, қолына аса таяғын ұстаған Қыдыр ата немересі Бақбаламен бірге үлестірді. Мәселен арнайы сыйға ие болғандардың бірі – мегаполисте тазалық жұмысын жүргізетін Ағатай Мантаева. «Алтын алқа» иегері – 14 құрсақ көтеріп, жалпы 15 баланы тәбиелеп отырған ана.
– Он бес балам бар, Аллаға шүкір. Он бес жыл бойы осында жұмыс істеймін. «Бала-шағаның қызығын көрсем, жұмысымның еңбегін жесем» деген ниетім бар. Қазақ халқын Жаңа жылымен құттықтаймын! Шексіз қуаныштымын! Қыдыр атаны кездестіремін деп ойламадым, – деді қала тұрғыны Ағатай Мантаева.
Ерекше қажеттілігі бар 3 бала тәрбиелеп отырған ана Гүлдана Қалдыбаеваның отбасы да тосынсый жасалды. Жалғызбасты ана Наурыздың кең көлемде тойланып жатқаны маңызды екенін атап өтті.
– Жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған қазақ екенімізді үнемі айтып жүремін. Еліміздің батыс өңірлерінде Көрісу күні 14 наурызда басталады. Бұл – Самарқанның көк тасы еріген күн. Еліме амандық тілеймін. Аспанымыз ашық болсын. Балаларымыз ауырмасын! – деді қала тұрғыны Гүлдана Қалдыбаева.
Балаларға арналған тарту қоржынының ішінде жеті дәммен бірге қазақша кітаптар, ұлттық кәдесыйлар бар. Қыдыр ата мен Бақбаланың келгеніне таңданған балалар үйінің тәрбиеленушілері арнайы концерттік іс-шара дайындаған екен. Демеушілердің бірі алдағы уақытта мұндағы балаларға барынша қолдау көрсететінін жеткізді.
– Бұйыртса, сенбіде арнайы машина жібереміз. З0 баланы тексеріп, оның ішінде 3-4 балаға тегін ота жасау жоспарда бар. Бәріне бірдей көмектескіміз келеді, дегенмен қаражат жағынан да қиындық болады, – деді көз емдеу клиникасының басшысы Сәтжан Тоқтарбай.
Сыбаға қоржыны Асанәлі Әшімов, Төрегелді Шарманов, Асылы Осман және тағы да басқа қоғам қайраткерлеріне табысталды. Сондай-ақ арнайы шапан мен қамзолдар кигізіліп болған соң, ел ағалары ақ батасын берді. Жобаға 20-дан аса түрлі сала кәсіпкерлері мен отандық өнім өндірушілері серіктестік танытқан.
– Қазақстанның солтүстігінен, оңтүстік, батыс-шығысынан ұлттық тағамдарды, азық-түлік өнімдерін жинадық. Нақты ұсыныс арқылы көрсеттік. 14 наурыздағы Амал күнінен бастап наурыздың соңына дейін жалғасуы керек, – деді «Alatau-aqparat» медиахолдингінің бас директоры Ержан Қалымбайұлы.
Биыл еліміздің бір өңірінде өткізілген жобаны келер жылы республикалық деңгейге шығаруға ниеттіміз дейді жоба авторлары. Ал еліміздің әр аймағындағы кәсіпкерлер бұл игі бастаманы қолдап, жалғастырса, нұр үстіне нұр болар еді.
Жансая Олжабек, Әлішер Ерғалиұлы, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Амал мерекесі: Алматыда Наурыз мейрамының онкүндігі басталды