Алматы облысында алимент төлей алмай жүрген әкелерге жұмыс жәрмеңкесі өткізілді

02.09.2022 21:29

Қаражатты 3 ай кешіктірген борышкер ата-анаға қылмыстық жаза қарастырылған

Almaty.tv

Алматы облысы Талғар қаласында алимент төлей алмай жүрген әкелерге жұмыс жәрмеңкесі өткізілді, деп хабарлайды Almaty.tv.


Мұнда келген 30 шақты азамат екі қолға бір күрек табады дейді мамандар. Олар нәпақа таба алмай жүргендіктен балалары алдында қарыз болып қалған.

Аты-жөнін атамауды сұрап, бетін бетпердемен бүркеген әке 12 жыл бұрын жұбайымен заңды түрде айырылысқан. Бастапқыда алимент керек емес деген әйелі кейін бұл ойынан айныпты. Содан бері ұлының қажетіне жұмсайтын азды-көпті қаражатты жолдасынан алып келеді. Әке баладан ештеңе аямайды. Тек жұмыссыз қалғандықтан қазір қалтасында алимент төлейтін көк тиыны жоқ. Жарты жылда берешегі 500 мың теңгеден асып кеткен. Сондықтан бүгін жұмыс іздеп жәрмеңкеге келді. Айтуынша, көлік жүргізушісі болуға шақырту алыпты.

«Жұмыс орын болмады. Осы сот орындаушыларының арқасында жұмыс жайлы біліп, орналасып, енді алиментті төлеп беруге келісіп жатырмын. Баламды оқыту керек. Оның бәрі үлкен қаражат. Көмек беру керек», – деді борышкер

Ал сот орындаушылардың айтуынша, борышкерлер түрлі сылтау айтып,  алимент төлеуден жалтарып келді. Енді заң қатал. Баласына тиесілі қаражатты 3 ай кешіктірген ата-анаға қылмыстық жаза қарастырылған. Олар 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылып, тіпті 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бір ғана Талғар ауданында жыл басынан бері 3 қылмыстық, 82 әкімшілік жаза қолданылыпты.

«Көптеген мамандық бойынша жұмыспен қамтамасыз етуге келіп отыр. Айлығы орта есеппен алғанда 150 мыңнан асады. Жәрмеңкені әрдайым өткіземіз. Алимент – кішкентай бүлдіршіннің заңды ақшасы. Үйінде отырған анасына өте қиын», – деді Талғар ауданының аға жеке сот орындаушысы Нұрлыбек Мейрамбеков.

Алматы облысына қарайтын Талғар ауданында 33 жеке сот орындаушысы бар. Олар биыл 31 борышкерден жалпы сомасы 27 миллион теңгеге жуық қаражат өндірген.

Жадыра Омаржан, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы