Бүгінде бұл жоба қаладағы 8 ауданында жүзеге асырылып жатыр
Алматының Алмалы ауданында жастарды қолдауға арналған «Samgau Upshift» жобалық кеңсесі ашылды. Мұнда өзін дамытып, алдына мақсат қою, креативті ойлап, көшбасшылық қасиеттерге ие болғысы келетін кез келген жасқа түрлі қызметтер ұсынылған. Бағдарлама аясында ашылған осындай орталықтар қазіргі уақытта Атырау, Ақтөбе, Қарағанды және шығыс пен Батыс Қазақстан облыстарында жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Біріккен Ұлттар Ұйымы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірігіп «Upshift» бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. Мұның негізгі мақсаты ‒ жастардың ең осал топтарына ерекше назар аударып, әрі қарай дамуына қолдау көрсету. Алдағы уақытта мұндай орталықтардың санын арттыруды көздеп отырмыз», ‒ деді БҰҰ ҚР Балалар қоры басшысының орынбасары Вероника Ващенко.
«Қазіргі сәтте бұл жобаны қаламыздың 8 ауданында жүзеге асырып жатырмыз. Барлық кеңсе жергілікті жастар ресурстық орталықтарында орналасқан. Егер өзімді дамытып, үлкен жетістіктерге жеткім келеді дейтін жастар болса осында келсін», ‒ деді Қалалық жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының директоры Алма Ауғанбаева.