Ақтауда Каспий теңізі жағалауынан 50 тоннаға жуық құрғақ қамыс жиналды
Ақтаудағы Каспий теңізі жағалауынан 50 тоннаға жуық құрғақ қамыс жиналып, өңдеуге жіберілді. Біріншіден шөп өртінің алды алса, екінші пайдалы тұсы - қураған өсімдік биогумус тыңайтқышы мен жабын жасауға қолданылады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Ал тұрмыстық қалдықтар полигонға жіберіледі. Тазалық акциясы басталғалы бері сенбілік жұмыстарына 20 мыңға жуық адам мен 400-ден аса арнайы техника жұмылдырылған. Олар санаулы күн ішінде 500 тонна қоқыс жинаған. Ал бір ғана Ақтау қаласындағы теңіз жағалауын жинаған белсенділер мен еріктілер 36 көлік қураған қамыс шөбін шығарыпты.
- Бүгінде теңіз жағалауында жаңа жасыл желектердің өсіп, бой алуына септігін тигізеді. Сол себептен өткен сенбілікке 111 ұйым қатысты және қала тұрғындары ерікті болып келді. Бұл шынымен де қуантарлық жағдай, - дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсел Балманова.
Жағалаудан жиналған қураған қамыс кәдеге жарайды. Тыңайтқыш өнімін шығарумен айналысып жүрген кәсіпкер бұл қалдықтарды калифорниялық құрттарға азық ретінде береді. Ал бұл шылаушындар жердің құрамын биогумуспен байытып, құнарлы қара топыраққа айналдырады. Нәтижесінде арнайы тыңайтқыш жасалды.
- Қамыстың үлкен пайдасы бар. Ол құрттарға қоректік зат. Оның орнына ағаштарды немесе басқа өсімдіктерді өсірсеңіз, дренаж арқылы жұмыс істеуге тура келеді. Пайдасы өте көп. Себебі жердің ылғалын сақтайды, - дейді кәсіпкер Салтанат Бралина.
Оқи отырыңыз: Әуеден 130 рет су төгу арқылы Алматы облысындағы өрт сөндірілді