Қазақстандықтар ұсынысы мен шағымын мобильді қосымша арқылы білдіре алады

20.02.2023 21:29

IT-мамандар жасап шығарған стартап жоба қазір көптің қолданысында

Алматы телеарнасы

Пәтер иелері кооперативі мен мүлік иелері бірлестігінің жұмысы енді цифрландыру жүйесіне көшті. Енді тұрғындар мәселесін шешу үшін бұрынғыдай белгіленген уақытта бір жерге жиналып әуре болмайды. Бұдан былай өз ұсыныстары мен шағымдарын мобильді қосымшада онлайн білдіре алады. IT-мамандар жасап шығарған стартап жоба қазір көптің қолданысында, деп хабарлайды Almaty.tv.


Нарыққа шыққанына көп бола қоймаған мобильді қосымшаның ерекшелігі көп. Бұған дейін пәтер иелері кооперативінен мүлік иеcі бірлестігіне өту үшін біраз қиындық туындағаны белгілі. Тіпті коммуналдық қызметкерлерді шақырудың өзінде кедергі көп еді. Ал жаңа қосымшада бұл шаруаларды оңтайлы шешу жолдары бір жүйеге топтастырылған.

«Бұл тек Алматы қаласының тұрғындарына ғана емес, Қазақстан үшін істелінген бағдарлама. Қазіргі таңда қосымшаны 3 мыңдай тұрғын үй мен 15 мың адам пайдаланып жатыр. Қазір біз басқа елдерге де шығып жатырмыз. Мәселен Түркия мемлекетіне», – деді мобильді қосымшаның авторы Олжас Ақбаев.

Қосымшаға жергілікті әкімдіктің коммуналдық шаруашылыққа және тұрғын үй саясатына жауапты мамандары бақылау жасай алады. Жұртшылықтың пәтер иелері кооперативіне немесе ондағы қызметкерге шағымы болса, осы жүйеде жазбаша қалдыра алады. Ал салаға жауаптылар бірден іске кіріседі. Қосымшаны пайдалану тегін. Кез келген смартфонға жүктеп, қолдануға мүмкіндік бар.

«Тұрғындармен ортақ мәселені шешу үшін, оларды бір алаңға жинау, бұрын қиындық туғызатын. Себебі кейбірі жұмыста болады, енді бірі пәтерлерін жалға беріп кетеді. Ал мына мобильді қосымшада әркім қалаған уақытында қосылып, өз талап-тілегін жеткізе алады. Бұл біздің жұмысты айтарлықтай жеңілдетті», – деді Мүлік иелері бірлестігінің төрағасы Сәуле Бейсенова.

Мобильді қосымша алғашында пилоттық жоба ретінде сыналған. Кейіннен авторлар оның пайдасы мен көмегі көп екенін байқап, тұрғындар үшін қолжетімді еткен.

«Үйге кіру кезінде қосымшаны ашып QR-кодпен көрсетсеңіз, бірден есік ашылады. Кілттің қажеті жоқ. Бұл қосымшаны пайдаланып жүргенімізге бір жылдан асты», – деді қала тұрғыны Азамат Қалматаев.

«Бұл үйге 2021 жылы көшіп келдік. Бастапқыда тұрғындармен кездесіп, түрлі мәселені бірлесіп шешу, жиналыс өткізу үшін бас қосуымыз қиын еді. Осындай инновациялық жобаның нарықта бар екенін естіп, бірден телефонымызға жүктеп алдық. Пайдасы көп. Қолданамыз», – деді қала тұрғыны Ерболат Оразбекұлы.

Мобильді қосымша авторлары бұл жобаны Digital Almaty цифрлық форумында да көпшілікке таныстырған еді. 400-ден аса IT-компаниялары қатысып, өз бағдарламаларын ұсынған халықаралық іс-шара кезінде бұл жаңашылдық көптің көңілінен шыққан. Қызығушылық танытқан түрлі банк өкілдері мен инвесторлар бағдарламаны қаржыландыруға уағдаласқан. Мамандар алдағы уақытта бұл мобильді қосымшаның мүмкіндігін кеңейтуді көздеп отыр.

Ұлағат Арғын, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы.