Алматының барша аудандарына Тәуелсіздік мейрамы тойланды

13.12.2019 21:29

Әр ауданның құрметтілері марапаттауларға ие болды

Almaty.tv

16 желтоқсан – ата бабамыздың асқақ арманы орындалып, жасампаздығымыз жаңа белеске көтерілген «Тәуелсіздік күні». Мерекеге орай Алматы аудандары мерекелік шаралар ұйымдастырып, әр ауданның құрметтілері марапаттауларға ие болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мейрам қарсаңында Жетісу ауданында мерекелік шара өткізіліп, жергілікті әкімдік қаланың дамуына үлесін қосушыларға алғыс хаттар мен арнайы медальдар табыстады. Ал, Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрында өткен шарада арнайы қойылым қойылды.

«Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Зор денсаулық, мол байлық, қажымас қайрат тілеймін. Бүгін біз Жетісу ауданының Ғабит Мүсірепов атындағы жасөспірім театрында үлкен салтанатты іс-шара өткізіп, құттықтадық», - деді Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімінің орынбасары Вячеслав ВАВИЛИН.

Сондай-ақ, Тәуелсіздік мерекесін Наурызбай ауданының тұрғындары да атап өтті. Мерекелік концертте эстрада жұлдыздары ән салып, әсерлі күйлер шертілді және тәуелсіздік тарихынан сыр шерткен бейнероликтер көрсетілді. Мұнда қала дамуына қосқан мол үлесі үшін ауданның мемлекеттік қызметкерлері, білім және медицина саласының өкілдері мен белсенділері, кәсіпкерлері аудан әкімінің «Құрмет грамотасымен» және «Алғыс хаттарымен» марапатталды.    

«Наурызбай ауданының ардагерлерімен бірігіп жұмыс істейміз. Тәуелсіздік күніне, Алматы қаласының өркендеп өсуіне атсалысып жатырмыз. Мереке құтты болсын», - деді Алматы қаласы Наурызбай ауданының ардагері Жұмабай ТӘЖІБАЕВ.

«Бүгін мен үшін өте қуанышты күн болып тұр. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Ерен еңбегі үшін" медальімен марапатталып отырмын. Бүгін ғана Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев марапаттады. Баға жетпес тәуелсіздігіміздің біз үшін алар орны зор", - деді Алматы қаласы Наурызбай ауданы № 157 жалпы білім беретін мектептің директоры Света АҒАБЕКҚЫЗЫ.

Мерекелік шара қаламыздың Әуезов ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен де Наталия Сац атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында жалғасын тапты. Мемлекеттік әнұранмен бастау алған салтанатты шарада аудан әкімдігінің басшылары тұрғындарды аталмыш мерекелерімен құттықтап, қоғам қайраткерлерін, мемлекеттік қызметкерлерді, ардагерлерді және Желтоқсан оқиғасына қатысушыларды құттықтады.

«1986 жылдың 17-18 желтоқсанынан қазірге дейін мен қазақ қыздарына бас иемін. Олар соншалықты алаңда тұрып, өздерінің батылдығын көрсетті. Неге десеңіздер, бұрымдарынан тартып, сойылмен, дойылмен ұрғанда біздің қазақтың қыздары алаңнан бір қадам артқа шегінген жоқ. Солардың рухымен, солардың атойланған ұранымен көптеген қазақ жігіттері алаңда 17-18 желтоқсанда тұрды», - деді «Желтоқсан» оқиғасының қайраткері Толымбек ЖОРТҰЛЫ.

«Көк туымыз ешқашан төмендемесін, қазақ тілі дами берсін. Тәуелсіздік алған елдер ішіндегі мықты, беделді мемлекеті болсын», - деді «Желтоқсан» оқиғасының қайраткері Жандос ЫРЫСБАЕВ.