Жастарды тұрғын үймен қамтудың қолданыстағы тетіктерін кеңейту ұсынылды

Almaty.tv
Almaty.tv
Тұрғын үй мәселесі жастарды ең көп алаңдататын негізгі түйткілдердің үштігіне кіреді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде жастардың 41,2 пайызы алдағы 2 жылда өзінің тұрғын үй жағдайын жақсартуды жоспарлап жүр екен. Бұл «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының берген дерегі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тұрғын үй мәселесі жастарды ең көп алаңдататын негізгі түйткілдердің үштігіне кіреді екен. Бұл сауалнама нәтижесінде белгілі болды. Елордада «G2J» сараптама алаңында бүгін жастар үшін тұрғын үйді жалдау және жеңілдетілген ипотекалық несие беру құралдарын дамыту, сондай-ақ студенттік жатақханалардың құрылысы мен қолжетімділігі мәселелері талқыланды. Кездесу қорытындысы бойынша жастарды мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы тетіктерін кеңейту ұсынылды.  

«Мысалы, қазір жастар 5 жылға бір үйді жалға алады. Сол үйде 5 жыл бойы аз ғана ақша төлеп тұрады. Бірақ 5 жылдан кейін ол үйді мемлекет қайтадан алып қояды. Ал жаңағы адам тағы үйсіз қалады. Сондықтан біз қазір төлемақысы арзан үйде тұрып жатқан соң, міндетті түрде үй сатып алу үшін ақша жинаңыздар деп жатырмыз. Мұны көбі ескермейді», - деді тәуелсіз сарапшы Әділ Құсманов.

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының деректеріне сәйкес, баспаналы болу мәселесінде жас азаматтардың тек 5,9 пайызы ғана отбасының көмегіне сүйенеді екен. Ипотекалық несиеге жүгінетіндердің де саны аз емес. Сонымен қатар әрбір бесінші жас азамат өзінің тұрғын үй мәселесін шешуде мемлекетке сенім артатын болып шықты. Осы ретте, Олжас Байғожин енді студенттерге арзан бағада жалға берілетін жатаханалар салынатынын да айтып қалды.  

«2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап барлық жоғарғы оқу орындары өздерінің студенттерін толықтай жатақханамен қамтамасыз етуі керек. Бұрын тек грантта оқитындар ғана алса, болашақта ақылы бөлімдегі студенттерге де беріледі. Әрине, бұл бағдарлама өз нәтижесін беріп келеді. Мысалы 2018 жылдан бастап отыз мыңға жуық орны бар 75 жатахана салынды», - деді «Қаржы орталығы» АҚ департаменті директорының орынбасары Олжас Байғожин.

Новости партнеров