Қазақтанда резервтегі әскери қызмет пайда бола ма

14.07.2021 21:30

Бұл ретте тапшы мамандықтар бойынша даярлыққа ерекше назар аударады

almaty.tv

Елімізде резервтегі әскери қызмет пайда болуы мүмкін. Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі «Кейбір заңнамалық актілерге резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарастырды. Яғни, аяқ астынан қарулы қақтығыстар мен төтенше жағдай бола қалған жағдайда запастағы әскерді жұмысқа тартуды көздеп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Оқыту бағдарламасына сәйкес, ұзақтығы 1 айға дейін. Ай сайынғы 2 күндік сабақтар мен жиындардан тұрады. Бұл ретте тапшы мамандықтар бойынша даярлыққа ерекше назар аударады. Резервтегі адамдарға сақтауда тұрған қару мен жауынгерлік техника бекітіліп беріледі», – деді ҚР ҚМ Ақпарат және коммуникациялар департаментінің өкілі Ғани Нүсіпов.

Одан бөлек, резервтегі қызмет азаматтардың негізгі жұмысындағы жалақасын сақтай отырып, келісімшарт жасау арқылы әскердегі қызметі үшін қосымша төлеммен қамтамасыз етеді. Айта кетейік, аталған өзгеріс халықарлық тәжірибеге сүйене отырып дайындалған.

«Тиісті қажетті мамандықтары бар азаматтар резервте қызмет өткеру туралы 3 жылға тиісті келісімшарт жасайды. Ақшалай төлемдер ай сайын ең төменгі 1 жалақы мөлшерінде, ал жиындар өткізу кезінде резервтегі адамның орташа жалақысы мөлшерінде төленетін болады», – деді ҚР ҚМ Ақпарат және коммуникациялар департаментінің өкілі Ғани Нүсіпов.