Алматыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай концерт өтті
Алматыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай концерт өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Алатау» дәстүрлі өнер театрында ұйымдастырылған «Кез болған соң кер заман» атты театрландырылған қойылымда саясат салдарынан қаза болған тұлғалардың әндері айтылып, рухты мұрасы сахналанды. Әміршіл-әкімшіл жүйеге өр туындылары арқылы қарсы шығып, бостандықты насихаттаған қазақ зиялыларының рухына тағзым Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында өтіуі бекер емес, дейді театр қызметкерлері.
«Біз көбінесе қазақтың саяси тұлғаларын көбірек айтқанымен, осы өнер тұлғалары, қуғын-сүргінге ұшыраған атақты сал-серілеріміз, жырауларымыз, ақындарымыз туралы көп айта бермейміз. Сондықтан бұл дәстүрлі өнер театры болғандықтан, біз осыған басымдылық бере отырып, елдің мүддесі үшін күрескенін ашық көрсеткіміз келеді», – деді «Алатау» дәстүрлі өнер театры әдебиет бөлімінің маманы Ардақ Беркінбаев.
Қойылым барысында Үкілі Ыбырай, Иманжүсіп Құтпанұлы, Қапез Байғабылұлы сынды өнер тұлғалары мен Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаев пен Сәкен Сейфуллин секілді қазақ зиялыларының өмірлерінен шағын үзінділер көрсетілді.
«Әншілер, әртістер, композиторлар ғана емес, сонымен бірге жекелеген әндер де репрессияға ұшырады ғой. Өйткені әнді шығарған адамдар репрессияға ұшырағаннан кейін, тиісінше оның аттары алынып тасталды, ән де кейде айтылмай қалды. Мақсат сол – советтің тұсында, советке дейінгі әндерді жаңғырту», – деді «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары Бейбіт Қойшыбаев.