Ораза қай кезде бұзылады

28.03.2022 22:12

Шариғат бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға рамазан айында ораза ұстау – парыз

ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат қажы Оңғар оразаны бұзатын және бұзбайтын жағдайларды атады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Наиб мүфти орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында халық тарапынан жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді. Соның бірі оразаны бұзатын және бұзбайтын нәрселерге қатысты.

Оразаны бұзбайтын жағдайлар

Ауыз бекіткенін ұмытып кетіп, ішіп-жеу. Ұмытқан адам есіне түскен кезде жеуді дереу тоқтатуы керек;

құлаққа су кіру;

топырақ, шаң, ұн тозаңы, қардың ұшқыны, жауын тамшылары тамаққа еріксіз кірсе, ораза бұзылмайды;

қан алдыру немесе сүлік салдыру;

көзге, құлаққа дәрі тамызу;

мисуак немесе тіс пастасын қолдану, бірақ тіс жуғанда, паста ішке өтіп кетпеуі керек.

Ең абзалы, тісті таң намазының уақыты кіргенге дейін тазалау;

тіс жұлдыру, бірақ жұлдырған уақытта ауыздағы сұйықтықтықты – дәрі немесе қанды жұтып қоймау керек;

ауыз бен мұрынға су алып шайқау, алайда тамаққа өтіп кетпеуге тиіс;

душқа түсіп, жуыну;

рамазан айында вакцина салдыру да оразаны бұзбайды.

Оразаны бұзатын жағдайлар

Әдейі жеп-ішу;

ауызындағы жаңбыр тамшыларын әдейі жұту;

темекі шегу, насыбай ату;

дәрі ішу;

құрамында нәрлі заттары бар ине (укол) қабылдау;

қоректік немесе қоректік қасиеті бар заттарды себепсіз әдейі жеу.

Ершат қажы Оңғардың айтуынша, оразасы бұзылған адам кафарат оразасын ұстауға тиіс.

"Кафарат оразасы деп үздіксіз екі ай ораза ұстауды айтады. Оған шамасы келмейтін жандар 60 кедей адамды тамақтандырып, тойдыруға міндетті. Бұл жағдай ораза екенін біле тұра әдейі бұзған адамдарға қатысты", - деп түсіндірді наиб мүфти.

Айта кетері, шариғат бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға рамазан айында ораза ұстау – парыз. Алайда, жолаушыларға, сырқаттанған немесе денсаулығы нашар адамдар ауруының асқынуынан қауіптенсе және сенімді дәрігер ұзақ уақыт бойы ашығудан денсаулығы күрт нашарлап кетуі мүмкін деген шешім қабылдаса, сондай-ақ жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдерге ораза тұтуды кейінге қалдыруға шариғат рұқсат береді.

Биыл рамазан айы 2 сәуірде басталып, 1 мамырда аяқталады. Ал 2 мамыр – Ораза айт күні. Осы жылы ораза 30 күнге созылады. 27 сәуірден 28 сәуірге қараған түн – қасиетті Қадір түні. Пітір садақа мөлшері 500 теңге болып белгіленді.