Алматыда көпбалалы және жалғызбасты аналарға арналған қайырымдылық кеші өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Белгілі эстрада әншісі Меруерт Түсіпбаева ұйымдастырған шараға психологтар мен өнер адамдары қатысып, батыр аналарға косметикалық заттар сыйға тартты. Кейін Алатау ауданының азаматшаларына арнайы мамандар шеберлік сағатын өткізіп, бет күту тәсілдерін үйретті.
«Қазір әйелдерге, көпбалалы аналарға көбінесе психологиялық көмек қажет. Бұл – армандар картасы, миға арналған техника. Мұны жасап, кішкентай кезімде армандарым орындалған болатын», – дейді дизайнер Айдана Омарова.
Ұйымдастырушылар мұндай шараларды жылына 3 рет өткізуді жоспарлап отыр. Жақында Бостандық ауданында жалғаспақ.
«Білесіздер ме, Жетісу мөлтекауданында 3 балалы ана оқиғасынан кейін менде «Жаңа жыл алдында көпбалалы аналарға қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да көмек жасасам» деген ойлар келді. Сол ойымды достарыма, құрбыларыма айтып, осындай ұсыныс жасадым», – деді әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Меруерт Түсіпбаева.