Алматыдағы «Қамқор» әлеуметтік үйі Халықаралық қарттар күнін ерекше атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгінде 45 қарияға қамқор болып отырған мекеме қызмет алушыларға концерттік бағдарлама ұйымдастырып, ән-шашу тарту етті. Іс-шарада қазақстандық және шетелдік әншілер өнер көрсетіп, ақ жаулықты әжелер мен ақсақалдарға түрлі сыйылықтар үлестірілді. Орталық мамандарының сөзінше, қазыналы қарттардың құрметіне арналған мереке бір күнмен шектелмей, бір ай бойы жалғаспақ.
«Мұнда қарияларға ыңғайлы болу үшін барлық жағдай жасалған. Тамақ уақытылы беріледі, дәрі-дәрмек тегін, жоғары санатты медицина қызметкерлері емдейді. Сондай-ақ мұнда кір жуатын бөлме мен шаштараз да қарастырылған. Психолог мамандардың көмегіне жүгінуге болады. Қарттарымызды демалыс орындары мен тауға апарып тұрамыз», – деді «Қамқор» әлеуметтік үйінің директоры Зафар Аббазов.
87 жастағы Валентина Ястремскаяның бұл орталықта тұрып жатқанына 22 жыл болыпты. 47 жыл ғұмырын коммуналдық шаруашылық жүйесіне сарп еткен жалғызбасты қария енді қалған ғұмырымды осында, құрдастарыммен өткізуді ұйғардым, дейді.
«Осындай орталық ашып, жағдайымызды жасаған мемлекетімізге рахмет! Бұл үйде өмірден өз орнын таппаған жандар емес, өмір жолында түрлі қиындық көріп, соңында жалғыз қалған қариялар көп. Сондықтан бізге қолдау өте маңызды. Ал орталық қызметкерлері көңіл-күйімізді көтеруге тырысады, сырлас таптық. Біз бұл орталықта өзіміздің керек екенімізді сезінеміз», – деді«Қамқор» әлеуметтік үйінің тұрғыны Валентина Ястремская.